Қазіргі ислам әлемінде әртүрлі діни-ағымдық бағыттардың қалыптасуы қоғамдағы саяси, әлеуметтік және діни процестермен тығыз байланысты. Осы ағымдардың қатарында ғылыми және діни ортада «мадхалиттер» деп танылған бағыттар кездеседі. Бұл атау көбіне Раби ибн Хади әл-Мадхалидің көзқарастарын ұстанатын мәдиналық сәләфи ортамен тыңыз байланысты. Алайда бұл топтың өкілдері өздерін аталған атаумен байланыстырмай, мұндай терминнің сырттан таңылғанын атап көрсетуде.
Мадхалиттік бағыттың қалыптасуы Таяу Шығыста орын алған саяси оқиғалармен тығыз байланысты. Әсіресе 1990 – 1991 жылдардағы Парсы шығанағы дағдарысы кезінде Сауд Арабиясының өз аумағына АҚШ бастаған халықаралық әскери күштердің орналасуына рұқсат беруі ғалымдар арасында елеулі пікірталас туғызды. Бірқатар ғалымдар бұл шешімді ислам қағидаларына қайшы (күпірлік) деп бағаласа, енді бір тобы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саяси қадам ретінде қолдады.
Осы кезеңде Саудиялық ғалым Мұхаммед Аман әл-Жами мемлекеттік биліктің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харажиттер деп сынға алып отырды. Кейбір зерттеушілер дәл осы ұстанымдарды негізе ала отырып, «жамия» немесе «әл-Жамия» деп аталған бағыттың қалыптасқанын атап көрсетуде. Аталған бағыттың жақтастары қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі ретінде билікке мойынсұнуды қарастырып, билікке қарсы саяси әрекеттерді құптамады.
Бұл идеялық ұстанымдар кейіннен Раби ибн Хади әл-Мадхали тарапынан жүйеленіп, теориялық тұрғыдан негізделді. Соның нәтижесінде аталған ағым ғылыми айналымда және діни ортада «мадхалиттік бағыт» атауымен танымал болды. Алайда зерттеушілер оның қалыптасу тарихын тек Раби әл-Мадхалимен ғана емес, сондай-ақ Мұхаммед Аман әл-Жамидің діни-саяси көзқарастарымен де байланыстырды.
Зерттеушілердің бір бөлігі мадхалиттік ұстанымдарды «Мұсылман бауырлар» қозғалысы мен Сәйд Құтып идеяларына қарсы реакция ретінде қарастырады. Бұл ағымда саяси белсенділік пен билікке қарсы шығу мәселесінде айырмашылықтар бар. Раби әл-Мадхали билікке қарсы әрекеттерді қолдамаған және мұндай ұстаным қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп есептеген.
Мадхалиттік бағыттың басты ерекшеліктерінің бірі: мемлекет басшысына мойынсұнуды діни ұстанымдардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Осы ұстанымына байланысты кейбір зерттеушілер бұл бағыттың бірқатар Таяу Шығыс елдерінде радикалды және саяси белсенді діни қозғалыстарға қарсы балама күш ретінде қабылданғанын атап көрсетуде. Соның нәтижесінде аталған бағыт белгілі бір дәрежеде қолдау тауып, оның идеялары уақыт өте келе араб әлемінің түрлі елдеріне кеңінен тарала бастады.
Бұл бағыттың өкілдері өздерін шынайы «сәләфилік» және «әһли сунна уәл жамағат» ұстанымындамыз деп сипаттайды. Сонымен қатар өзге діни көзқарастарды, оның ішінде кейбір «сәләфи топтарды» да қатаң сынға алады. Мәселен, олар «бидғат» ұғымына ерекше мән беріп, діни тәжірибеге кейіннен енгізілген жаңашылдықтарға сақтықпен қарау қажет деп есептейді.
Мадхалиттік бағыт өкілдерінің пікірінше, қазіргі мұсылман қоғамының басты мәселелерінің бірі, таухид улухия түсінігінің бұрмалануында. Осыған байланысты олар исламды бастапқы қағидаларға қайтару және діни тәжірибені жаңалықтардан (бидғаттардан) тазарту керек деп сенеді. Бұл ұстаным көбінесе сәләфи-такфиршілдер арасында кең таралған. Жиһад мәселесіне қатысты ұстанымдары байсалды сипатымен ерекшеленеді. Дегенмен кейбір жағдайларда олардың сөздері өз көзқарастарына сәйкес келмей, қарулы қақтығысқа шақырған тұстары да кездескен.
Бұл бағытқа жатқызылатын тұлғалар: Ибн Таймия, Ибн Қаййим әл-Жаузийя, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб, Абдулазиз ибн Баз, Мұхаммед ибн Салих әл-Усаймин, Салих әл-Фаузан, Насруддин әл-Әлбани, Абдулмухсин ибн Бадр әл-Аббад, Раби ибн Хади әл-Мадхали, сондай-ақ Ясир Бурхами, Муқбиль әл-Уадии, Мұхаммед Аман әл-Жами, Фалих әл-Харби, Фарид әл-Малики, Тарахиб әд-Дусари, Абдуллатиф Башамил және Абдулазиз әл-Асқар сынды уағызшылар бар.
Орыс тілді ортада бұл бағытпен байланыстырылатын тұлғалар: Әбу Мұхаммед Ринат Зейнулин, Әбу Салих Нәил Зейнулин, Абу Мариям Назратулла (тәжік текті, Сауд Арабиясында қызмет еткен), Абу Яхья Крымский және өзге де уағызшылар аталады. Қазақстандық ортада Тоиржан Ибрагимов, Октам, Ділмұрат сияқты тұлғалар да осы бағытпен байланыста қарастырылады. Профессор А. Муминовтың пікірінше, бұл бағыт өкілдерінің негізгі ұмтылыстарының бірі – ресми діни басқармалар жүйесіне ықпал ету.
Мадхалиттік бағытқа қатысты ғылыми еңбектерде сыни пікірлер де кездеседі. Кейбір зерттеушілер оның теориялық қағидалары мен жекелеген саяси мәселелерге қатысты практикалық ұстанымдары арасында белгілі бір сәйкессіздіктер бар екенін атап өтеді. Атап айтқанда, билікке мойынсұну және саяси тұрақтылықты сақтау қағидаларын ұстанғанымен, салт-дәстүр мен діни тәжірибеге қатысты көзқарастарының әркелкі көрініс табуы зерттеу нысанына айналған. Осыған байланысты кейбір сарапшылар бұл бағыттың ұстанымдары нақты саяси жағдайларға қарай өзгеріп немесе бейімделіп отыруы мүмкін деп тұжырым жасаған.
Қазақстанда соңғы кездері «мадхалит» ағымының ықпалында жүрген кейбір топтар діни ортада алауыздық тудырып, ҚМДБ-ның ұстанымдарына және елдегі имамдардың қызметіне сын көзбен қарап, қарсы пікірлер білдіріп жүр. Олар кей жағдайларда жергілікті діни дәстүрлер мен халық арасында қалыптасқан діни түсініктерді жоққа шығарып, қоғамда түсінбеушілік пен қайшылықтардың пайда болуына себеп болуда.
Сонымен қатар, бұл көзқарастағы адамдар ұлттық салт-дәстүрлердің бір бөлігін де теріске шығарып, оны дінге қайшы деп бағалайды. Ал бұл өз кезегінде ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұра мен мәдени құндылықтарға күмән келтіруге алып келеді.
Дегенмен, Қазақстан қоғамында ислам діні әрдайым бейбітшілікке, татулыққа және бірлікке үндейтінін ескерсек, діни мәселелерде сабырлық пен түсіністік таныту, сондай-ақ ресми діни басқарма мен білікті имамдардың пікіріне құлақ асу – қоғам тұрақтылығы үшін маңызды факторлардың бірі екенін естен шығармағанымыз абзал.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


