Ислам діні адамды білім алуға және ғылымды үйренуге шақырады. Адамның дүниедегі абыройы мен ақыреттегі дәрежесі оның иманына, тақуалығына және біліміне байланысты. Сондықтан Құран Кәрімнің алғашқы түскен аятының «Оқы!» деп басталуы кездейсоқ емес. Алла Тағала:
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті» («Алақ» сүресі, 96:1) – деп бұйырған. Бұл аятта оқу мен білім алудың Ислам дініндегі аса маңызды орын алатынын көрсетеді. Алла Елшісі (с.а.с) өз ғұмырында сахабаларды үнемі білім іздеуге, үйренгенін іс жүзінде қолдануға және алған ілімін басқаларға жеткізуге үндеп отырған. Пайғамбарымыз (с.а.с) мұсылмандардың сауатын арттыруға ерекше көңіл бөліп отырған. Мысалы, Бәдір шайқасында қолға түскен Меккелік тұтқындардың ішінде хат танитындарына еркіндік беру мақсатында әрқайсысына 10 мұсылманға оқу-жазуды үйрету шартын қойған. Бұл, білімді қоғам қалыптастыруға бағытталған айқын қадамдардың бірі еді. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың мешітінің маңына көшіп келген, тұрмысы төмен сахабалар үшін арнайы орындар дайындалып, оларға мешітте ілім үйренуге, Құран мен біліммен айналысуға жұмылдырылған. Осы арқылы білім алу тек жеке міндет емес, бүкіл қауымның ортақ ісі екені көрсетілген. Хадисте:
«Білім іздену – әрбір мұсылманға парыз» – деп білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (Ибн Мәжа).
Білім, адамды қараңғылықтан жарыққа шығаратын ұлы нығметтердің бірі. Надандық адамның ақиқатты тануына кедергі жасап, көптеген қателіктерге ұрындыратыны сөзсіз. Құран Кәрімде ілім мен білімге қатысты мәселелер жиі қозғалады. Кейбір деректерде ілімге байланысты ұғымдар мен мағыналар 179 рет кездесетіні айтылған. Сонымен қатар, Құран аяттарында кейбір мәселелерді тек білім иелері ғана терең түсіне алатыны да ерекше атап өтіледі. Құранда:
«Адамдарға келтірілген мысалдарды тек білім иелері ғана түсіне алады» («Анкәбут» сүресі, 29:43) – деген. Сондай-ақ Құранда білетіндер мен білмейтіндердің тең еместігі нақты ескертіледі:
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 39:9) – деп, білім иелерінің артықшылығы ерекше баяндалған. Бұл аяттардан білім иесі мен білімсіз адамның дәрежесі бірдей болмайтыны, ілімнің адам өміріндегі орны ерекше екенін көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) өз үмбетіне білімнің қадірін терең түсіндіріп отырған.
«Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа барар жолын жеңілдетеді» (Имам Мүслим, «Сахих Мүслим», №2699) – деп сүйіншілеген. Бұл хадис білім іздеудің жай ғана дүниелік қажеттілік емес, құлшылықтың бір түрі екенін көрсетеді. Өйткені адам дұрыс құлшылық ету үшін де, қоғамға пайда келтіру үшін де білімге мұқтаж.
Ислам тарихына көз жүгіртсек, мұсылман өркениетінің гүлденуі ғылым мен білімге деген құрметтің нәтижесі болғанын көреміз. Мұсылман ғалымдары хадис, тәпсір, фиқһ секілді діни ғылымдармен қатар медицина, математика, астрономия және басқа да салаларда әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашты. Бұл олардың білімді Алланы танудың және адамзатқа қызмет етудің құралы ретінде түсінгендігін көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с):
«Расында ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динар да, дирһам да (алтын, күміс ақша) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұраға қалдырады. Кімде-кім оны алса, мол олжа алғаны…» – делінген (Имам Әбу Дәуід, «Сүнән Әбу Дәуід», №3641) Бұл хадистегі пайғамбарлардың мұрасы дүниелік байлық емес, адамды тура жолға бастайтын білім екендігін білдіреді. Сондықтан шынайы ғалымдардың қоғамдағы орны ерекше. Олар адамдарға дінді дұрыс түсіндіріп, ақиқатқа жетелейтіні сөзсіз.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы да ғылым мен білімді адамның кемелдену жолы ретінде қарастырған. Ол:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз» –
деп жастарды білімді жандардан үлгі алуға шақырған. Абайдың бұл өсиеті бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі білімді ұрпақ қана елдің болашағын жарқын ете алады.
Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек» деген екен. Шын мәнінде, адамды өзгелерден жоғары қоятын ең қымбат құндылық – білім. Себебі жеке адамның да, тұтас халықтың да деңгейі мен беделі білім арқылы айқындалады.
Исламда пайдалы білім ерекше бағаланады. Имам әл-Ғазали өзінің «Ихия Улум әд-Дин» еңбегінде қоғамға қажетті ғылымдарды меңгеруді мұсылмандар үшін маңызды міндеттердің қатарына жатқызған. Себебі дәрігердің білімі адамның денсаулығын сақтаса, мұғалімнің білімі ұрпақ тәрбиелей білуі, инженердің білімі елдің дамуына үлес қосуында. Ал дін ғалымдарының білімі адамдардың ақыреттегі бақытына жетуіне себепші бола білуінде. Сондықтан мұсылман адам тек білім алып қана қоймай, алған білімін дұрыс мақсатта пайдалануы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с) адамдардың мақтауына қол жеткізу немесе өзгелерден жоғары көріну мақсатында білім алудан сақтандырған. Ең қайырлы білім, Алланың разылығы үшін үйреніліп, адамзатқа пайда әкелетін ілім болып саналады.
Қазақ халқы да білімнің қадірін терең түсінген. «Білімді мыңды жығады», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген нақыл сөздер соның дәлелі. Бабаларымыз білімді дүниелік табысқа жетудің ғана емес, адамдық қасиетті сақтаудың да жолы деп білген. Бүгінгі таңда мұсылман жастары діни және зайырлы білімді қатар меңгеруге ұмтылуы керек. Өйткені заман талабына сай дамыған қоғам құру үшін иманды әрі білімді азаматтар қажет. Құран мен сүннетті дұрыс түсіну үшін де, елге қызмет ету үшін де білімнің орны ерекше. Алла Тағала Құранда:
«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 21:7) – деп бұйырған. Бұл аят адамға әр мәселеде білімге жүгінудің қажеттігін үйретеді. Сондықтан әрбір мұсылман өмір бойы пайдалы білім іздеуге талпынып, білгенімен амал етіп, оны өзгелерге жеткізуге күш салуы қажет. Өйткені білім, адамды Аллаға жақындататын, қоғамға пайдасын тигізетін және екі дүниеде де абыройға жеткізетін ең қымбат қазына.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құран Кәрім.
2. Имам Мүслим. «Сахих Мүслим», хадис №2699.
3. Имам Әбу Дәуід. «Сүнән Әбу Дәуід», хадис №3641.
4. Имам әл-Ғазали. «Ихия Улум әд-Дин».
5. Абай Құнанбайұлы. Өлеңдер жинағы.
6. Мұхтар Әуезов. Таңдамалы шығармалар.
7. «Ихсан – рухани тәрбие негізі». Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


