«Аум Синрикё»: рухани ізденістен терроризмге дейінгі жол

Адам өмірдің мәнін іздеп, рухани тыныштыққа ұмтылған кезде белгілі бір сенімге, ұстазға немесе дүниетанымға жүгінеді. Мұндай ізденіс адамның өзін тануына, мінезін жетілдіруіне және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруына көмектеседі. Алайда адамның осы қажеттілігін жеке мүддесіне пайдаланатын ұйымдар да бар. Олар алғашында рухани кемелденуді, ерекше білімді немесе қауіптен құтқарылуды уәде етеді. Уақыт өте келе адамның еркін ойлауына шектеу қойып, оны қоғамнан оқшаулап, ұйым басшысына сөзсіз бағынуға итермелеуі мүмкін.Осындай құбылыстың ең қайғылы мысалдарының бірі – Жапонияда құрылған «Аум Синрикё» ұйымы. Оның тарихы бір ғана ұйымның қылмыстық әрекеттерімен шектеліп қалған жоқ. Бұл оқиға адам сенімін теріс пайдаланудың, рухани көшбасшы беделін шексіз билік құралына айналдырудың және зорлық-зомбылықты діни ұрандар арқылы ақтаудың қоғамға қаншалықты ауыр зардап әкелетінін көрсетеді.

Ұйымның құрылуы және Сёко Асахараның ықпалы

«Аум Синрикё» қозғалысы 1980-жылдардың ортасында Жапонияда қалыптасты. Оның негізін қалаған Мацумото Тидзуо кейін Сёко Асахара деген атпен танылды. Ол өзін ерекше рухани қабілетке ие ұстаз ретінде көрсетіп, ізбасарларына рухани құтқарылу, адамзаттың болашағы және ақырзаман туралы түсініктер ұсынды. Ұйым ілімінде буддизм мен индуизмнің жекелеген элементтері, сондай-ақ түрлі діни және философиялық идеялар аралас қолданылды. Алғашқы кезеңде ұйым медитацияға, өзін-өзі жетілдіруге және өмірдің мәнін іздеуге қызыққан адамдарды тартты.. Олардың арасында жоғары білімді жастар мен ғылым және техника саласының мамандары да болды. Бұл жағдай білімді адамның да психологиялық ықпалдан толық қорғалмайтынын көрсетті. Адам белгісіздікке жауап іздеген, жалғыздықты сезінген немесе өмірінен айқын мақсат таппаған кезде қарапайым әрі сенімді айтылған уәделерге тезірек илануы мүмкін. Уақыт өте келе Асахараның ұйымдағы беделі шектен тыс күшейді. Оның пікірі талқылауға жатпайтын ақиқат ретінде қабылданып, жетекшіге күмән келтіру рухани жолдан ауытқу деп түсіндірілді. Соның салдарынан адамның дербес ойы мен жеке таңдауы ұйым талаптарына бағындырылды. Осылайша бастапқы рухани ізденіс біртіндеп қатаң бақылау мен сөзсіз бағынуға негізделген жүйеге айналды.

Рухани жетекшіні құрметтеу қалыпты құбылыс. Алайда оның пікірі талқылауға жатпайтын ақиқат ретінде қабылданып, беделі шексіз билік деңгейіне көтерілген кезде қауіп туындайды. Адам ақпаратты саралау, сұрақ қою және дербес шешім қабылдау қабілетін жоғалтса, оның саналы сенімі біртіндеп жетекшіге толық тәуелділікке айналады.

Рухани уәде мен қауіпті идеологияның арасы

Адамды бақылауға алу үдерісі көбіне ашық қысымнан басталмайды. Алдымен оған өзгелер білмейтін құпия білім, ерекше рухани дәреже немесе алдағы апаттан аман қалу жолы ұсынылады. Мұндай уәделер адамның үміті мен қорқынышына қатар әсер етеді. Ол өзін таңдаулы топтың мүшесі ретінде сезініп, ұйымға деген сенімін күшейте түседі.

«Аум Синрикё» ілімінде ақырзаман туралы болжамдар маңызды орын алған. Сыртқы әлем қауіпті әрі бұзылған орта ретінде сипатталса, ұйым құтқарылудың жалғыз жолы ретінде көрсетілген. «Біз және олар» деген осындай түсінік мүшелердің қоғамға сенімін әлсіретіп, топ ішіндегі тәуелділікті арттырды. Өзге пікірлер жаулықтың белгісі ретінде қабылданып, жетекшінің сөзі абсолютті ақиқат деңгейіне көтерілді.Мұндай құбылысты бір дінге немесе бір елге ғана тән мәселе ретінде қарастыру дұрыс емес. Адамдардың қорқынышын пайдалану, дүниені тек «жақсылық» пен «жамандыққа» бөлу, топ жетекшісін қателеспейтін тұлға ретінде көрсету және сыртқы ортамен байланысты шектеу әртүрлі ұйымдарда кездесуі мүмкін. Дегенмен бір ғана белгіге сүйеніп, қандай да бір қауымды қауіпті деп бағалауға болмайды. Нақты баға ұйымның әрекетіне, адам құқықтары мен еркіндігіне қатынасына, ақпаратты бақылау тәсілдеріне, заң талаптарын сақтауына және зорлық-зомбылықты қолдауына қарай берілуге тиіс.

Шынайы рухани ізденіс адамның дүниетанымын кеңейтіп, саналы шешім қабылдауына және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Ал адамды қорқыту, отбасы мен қоғамнан оқшаулау, сұрақ қоюына шектеу қою және өзге адамдарды жау ретінде көрсету – рухани дамудың емес, оның санасы мен әрекетін бақылаудың белгілері.

Токио метросындағы қасірет

1990-жылдары «Аум Синрикёның» қызметі рухани қозғалыс шеңберінен шығып, ауыр қылмыстарға ұласты. 1994 жылы Жапонияның Мацумото қаласында зарин қолданылған шабуыл жасалып, адамдар қаза тапты және жүздеген тұрғын зардап шекті. 1995 жылғы 20 наурызда ұйым мүшелері Токио метросының бірнеше бағытына зарин улы затын таратты. Ресми деректерде шабуыл салдарынан 13 адамның қаза тапқаны және 5 800-ден астам адамның зардап шеккені көрсетіледі. Күнделікті жұмысқа және оқуға бара жатқан бейбіт тұрғындарға бағытталған бұл қылмыс Жапонияны ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оның салдары зардап шеккендердің денсаулығына, отбасыларына және қоғамның қауіпсіздік сезіміне ұзақ уақыт әсер етті. Бұл оқиға діни немесе рухани ұрандардың қылмысты ақтай алмайтынын анық көрсетті. Қандай сенім жарияланғанына қарамастан, адам өміріне қасақана қауіп төндіру, зорлық-зомбылық жасау және заңды бұзу діни қызмет ретінде қабылданбауға тиіс. Сондықтан «Аум Синрикёға» баға оның атауына немесе қолданған діни ұғымдарына емес, нақты әрекеттеріне қарай беріледі.

Шабуылдан кейін Жапония билігі кең көлемді тергеу жүргізіп, ұйым басшылары мен қылмысқа қатысқан мүшелерін жауапқа тартты. Сёко Асахара және ұйымның бірнеше мүшесі өлім жазасына кесіліп, үкімдер 2018 жылы орындалды. Бұл оқиғалар қоғам қауіпсіздігін сақтау, экстремистік әрекеттердің алдын алу және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңызын көрсетті. Соған қарамастан ұйымның идеологиялық ықпалы толық жойылған жоқ. Жапонияда «Алеф» және «Хикари но Ва» сияқты мұрагер топтар бақылауда қалып отыр. Бұл қауіпті идеологиялардың алдын алу тек қылмыс жасаған адамдарды жазалаумен шектелмейтінін көрсетеді. .Адамдардың осындай топтарға неліктен тартылатынын түсіну, алдын алу жұмысын жүргізу және қоғамның сыни ойлау мәдениетін дамыту да қажет.

Бүгінгі қоғамға берер сабағы

«Аум Синрикё» исламдық ұйым болған жоқ. Оның ілімі әртүрлі діни және философиялық дәстүрлерден алынған ұғымдарды біріктірді. .Сондықтан оны исламдағы қандай да бір бағытпен тікелей теңестіру ғылыми тұрғыдан дұрыс емес. Дегенмен ұйымның тарихын деструктивті топтардың қалыптасуы, діни радикалдану, тұлғаға табыну және сенімді теріс пайдалану тетіктерін түсіндіретін салыстырмалы мысал ретінде қарастыруға болады. Бұл тарихтан бірнеше маңызды қорытынды шығаруға болады.

Біріншіден, діни сауаттылық тек терминдерді білумен өлшенбейді. Ол ақпараттың дереккөзін тексеруді, мәтінді мәнмәтінімен түсінуді, түрлі пікірді салыстыруды және дәлелге сүйеніп қорытынды жасауды да қамтиды.

Екіншіден, отбасы мен қоғам адамның рухани ізденісіне немқұрайды қарамауы керек. Жастардың сұрағына тыйым салу немесе олардың ізденісін бірден жоққа шығару мәселені шешпейді. Сенімді ақпарат алуға, білікті мамандармен ашық сөйлесуге және өз шешімін саналы қабылдауға жағдай жасау қажет. Сұрағына орынды жауап тапқан адам жалған уәделер мен күмәнді ұйымдардың ықпалына азырақ түсері сөзсіз.

Үшіншіден, ұйымды атауы мен жариялаған мақсатына қарап бағалау жеткіліксіз. Оның нақты іс-әрекетіне, мүшелеріне қарым-қатынасына, қаржылық ашықтығына, заңды сақтауына және зорлық-зомбылыққа көзқарасына назар аудару қажет. Бейбітшілік пен құтқарылуды насихаттайтынын айтқан ұйымның әрекеті мүлде басқа сипатта болуы ықтимал. Сондықтан қоғам үшін сөз бен істің сәйкестігін ажырата білу маңызды.

Төртіншіден, алдын алу шаралары азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығына құрметпен жүргізілуге тиіс. Адамның киімі, діни рәсімдерді орындауы немесе белгілі бір сенімге қатыстылығы оны қауіпті деп санауға негіз болмайды. Нақты қауіп зорлық-зомбылықты ақтау, заңсыз әрекетке шақыру, адам еркіндігін шектеу және өшпенділік тарату сияқты іс-әрекеттер арқылы анықталады.

Қорытынды

«Аум Синрикё» тарихы рухани ізденістің соқыр бағынуға, ал жетекші беделінің шексіз билікке айналуы қандай қайғылы салдарға әкелетінін көрсетті. Бұл оқиға сенімнің өзін айыптауға емес, адамның сенімін теріс пайдаланатын тетіктерді түсінуге шақырды.

Қоғам әр адамның рухани таңдау еркіндігін құрметтеумен қатар, оның қауіпсіздігі мен дербес ойлау қабілетін қорғауға тиіс. Саналы тұлға белгілі бір адамның беделіне соқыр сенбей, нақты дәлелдер мен іс-әрекеттерге сүйеніп қорытынды жасайды. Ал кемел қоғам азаматтардың сұрақ қоюын әлсіздік ретінде емес, шындықты түсінуге бағытталған ізденіс ретінде бағалайды. «Аум Синрикё» оқиғасы өткеннің қасіреті ретінде ғана емес, бүгінгі күнге арналған ескерту ретінде де маңызды. Адамды ойланудан айыратын сенім, сұрақ қоюға тыйым салатын бедел және зорлық-зомбылықты ақтайтын идеология қоғам үшін әрдайым қауіп көзі болып қала бермек. Ал шынайы рухани ізденіс адам өмірінің қадірін түсінуге, жауапкершілікті сезінуге және ақиқатқа саналы түрде ұмтылуға жетелеуге тиіс.

Аум Синрикёнің жасаған қылмыстары

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Х. Досмұхамедов» атындағы университетінің

аға оқытушысы

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы