Зайырлы Қазақстан және «дарул харб» ұғымы: тарихи түсінік пен қазіргі құқықтық шындық

Қазіргі қоғамда діни ұғымдарды дұрыс түсіндіру қоғамдық тұрақтылық пен діни сауаттылықты қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Өйткені ортағасырлық саяси-құқықтық жағдайларда пайда болған кейбір терминдерді қазіргі мемлекеттерге тарихи мәнмәтінін ескермей қолдану қате түсініктерге, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің әлсіреуіне және діни негіздегі алауыздыққа әкелуде. Осындай күрделі ұғымдардың бірі – «дарул харб». Кейбір діни топтар зайырлы мемлекетті исламға қарсы құрылым ретінде көрсетіп, Қазақстанды да осы санатқа жатқызуға тырысады. Алайда мұндай пікір ислам құқықтық дәстүрінің тарихи ерекшеліктерін де, қазіргі Қазақстанның конституциялық құрылымын да толық ескермейді. «Дарул ислам», «дарул харб», «дарус-сулх» және «дарул ақд» секілді атаулар белгілі бір тарихи кезеңдегі мемлекетаралық қатынастарды, саяси билік нысандарын және мұсылман қауымының құқықтық жағдайын түсіндіру үшін қалыптасқан. Сондықтан бұл ұғымдарды қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне ешбір өзгеріссіз көшіру ғылыми және құқықтық тұрғыдан негізді емес.

«Дарул харб» ұғымы

«Дарул харб» араб тіліндегі dār al-ḥarb сөзінен шыққан және сөзбе-сөз «соғыс аймағы» немесе «соғыс кеңістігі» деген мағынаны білдіреді. Классикалық ислам құқықтық дәстүрінде бұл термин мұсылмандық саяси-құқықтық кеңістіктен тыс орналасқан әрі мұсылман билігімен бейбіт келісім немесе арнайы құқықтық қатынас орнатпаған аумақтарды сипаттау үшін қолданылған. Аталған ұғым ортағасырлық кезеңдегі саяси жағдайлардың негізінде қалыптасты. Ол уақытта қазіргі халықаралық құқық, дипломатиялық өкілдіктер, тұрақты мемлекеттік шекаралар, азаматтық ұғымы және мемлекеттердің егемендігін мойындайтын халықаралық шарттар жүйесі бүгінгідей дамымаған еді. Мемлекетаралық қатынастар көбіне соғыс, уақытша бітім немесе арнайы келісім негізінде реттелетін.

Сол себепті ислам құқықтанушылары мұсылмандардың әртүрлі аумақтардағы құқықтық жағдайын түсіндіру мақсатында мемлекеттерді бірнеше санатқа бөліп қарастырған. Бұл жіктеулер діни сенімі өзгеше халықтарды жау деп жариялау үшін емес, сол кезеңдегі саяси және құқықтық қатынастарды реттеу қажеттілігінен туындаған. Сонымен қатар «дарул харб» түсінігінің мазмұны барлық ислам ғалымдары мен құқықтық мектептерде бірдей болмаған. Әрбір ғалым өз дәуіріндегі саяси ахуалды, билік жүйесін, қауіпсіздік мәселесін және мұсылмандардың діни міндеттерін орындау мүмкіндігін ескерген. Демек, бұл ұғым өзгермейтін, барлық заманға бірдей қолданылатын қарапайым діни анықтама ретінде қарастырылмауы керек.

Ислам құқықтық дәстүріндегі мемлекет түрлері

Дәстүрлі ислам құқықтық әдебиетінде мемлекеттер мен саяси аумақтар бірнеше санат арқылы сипатталған.

Дарул ислам – мұсылман билігі орныққан және қоғамдық-құқықтық қатынастар исламдық қағидалар негізінде реттелетін саяси кеңістік.

Дарул харб – мұсылман мемлекетімен бейбіт келісімі болмаған немесе соғыс жағдайындағы саяси аумақты сипаттайтын тарихи ұғым.

Дарус-сулх – мұсылмандармен бейбіт келісім орнатқан және өз аумағындағы мұсылмандарға діни сенімін ұстануға мүмкіндік берген мемлекет немесе аумақ.

Дарул ақд – арнайы келісім мен өзара міндеттемелерге негізделген саяси-құқықтық кеңістік ретінде түсіндірілген.

Бұл санаттар туралы Ханафи құқықтық мектебінің өкілдері Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Шамсуддин әс-Сарахсидің еңбектерінде сөз болады. Әс-Сарахсидің «әл-Мабсут» шығармасында мемлекеттердің құқықтық мәртебесі мен олардың арасындағы қатынастар кеңінен қарастырылған. Осы жіктеулердің пайда болған кезеңін ескермей, олардың атауын ғана қазіргі мемлекеттерге қолдану дұрыс қорытынды бермейді. Бүгінгі таңда мемлекеттердің өзара байланысы халықаралық құқық, дипломатиялық қатынастар, келісімдер және азаматтардың құқықтарын қорғайтын заңдар арқылы реттеледі.

Зайырлылық дінсіздік пе?

Зайырлылықты кейде дінсіздікпен немесе дінге қарсылықпен шатастырып жатады. Алайда зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды және азаматтарға діни сенімінен бас тартуды талап етпейді. Зайырлылықтың басты мақсаты – мемлекеттің қандай да бір дінді міндетті мемлекеттік идеологияға айналдырмай, барлық азаматтың ар-ождан бостандығын тең дәрежеде қорғауы.

Зайырлы мемлекет жағдайында азамат:

Діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға;

Заң шеңберінде діни рәсімдерін орындауға;

діни бірлестіктер қызметіне қатысуға;

Діни білімді ресми және заңды жолмен алуға;

Өзінің діни сенімі туралы пікір білдіруге құқылы.

Сонымен бірге діни сенім басқа адамдардың құқықтарын бұзуға, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруге немесе діни алауыздық туғызуға негіз болмауы керек. Бұл талап белгілі бір дінге қарсы бағытталмайды. Ол қоғамдағы барлық азаматтың қауіпсіздігін, бостандығын және теңдігін қамтамасыз етуге арналған. Зайырлылық дінді қоғамдық өмірден аластату емес. Ол мемлекет пен діни ұйымдардың өкілеттіктерін ажыратып, діни қатынастардың заң аясында жүзеге асырылуына жағдай жасайды.

Қазақстанның конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасы, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Бұл қағида Конституцияның 1-бабында тікелей бекітілген. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған. Конституцияда діннің мемлекеттен бөлек екені және діни ұйымдар қызметінің заңға сәйкес жүзеге асырылатыны да көрсетілген.

Қазақстандағы зайырлылық:

Дінге қарсы күресті білдірмейді;

Азаматтардың сеніміне араласуды көздемейді;

Исламды немесе басқа діндерді қоғамдық өмірден шеттетпейді;

Барлық азаматтың құқықтық теңдігін қамтамасыз етеді;

Конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты қорғауға бағытталады.

Қазақстан азаматтары заң аясында діни сенімін еркін ұстанып, құлшылықтарын орындай алады. Ел аумағында мешіттер жұмыс істеп, діни білім беру ұйымдары қызмет атқарып, діни әдебиеттер шығарылып және діни мерекелер өткізіледі. Мұның барлығы Қазақстанды исламға қарсы немесе мұсылмандармен соғыс жағдайындағы мемлекет ретінде көрсетуге негіз жоқ екенін түсіну қажет.

Қазақстанның құқықтық жүйесі азаматтарды дініне қарай бөліп-жаруға емес, олардың барлығына ортақ құқықтар мен міндеттер белгілеуге негізделген. Мемлекеттің зайырлы сипаты мұсылмандардың діни сенімін жоққа шығармай, әрбір адамның сеніміне құрметпен қараудың ортақ құқықтық тетігін қалыптастырады.

Қазақстанды «дарул харб» деп атау неліктен негізсіз?

Қазақстанды «дарул харб» деп сипаттаудың тарихи да, діни-құқықтық та негізі жоқ. Біріншіден, Қазақстан мұсылмандармен соғыс жағдайындағы мемлекет емес. Оның азаматтарының елеулі бөлігі ислам дінін ұстанады және заң шеңберінде діни міндеттерін орындауға мүмкіндік алған.

Екіншіден, елімізде ислам дінінің таралуына жаппай тыйым салынбаған. Мешіттерде намаз оқылып, жұма құлшылығы өткізіліп, діни мерекелер аталып өтеліп, имамдар уағыз айтып және азаматтар діни сұрақтарына ресми мамандардан жауап ала алады.

Үшіншіден, Қазақстанның зайырлы болуы оның исламға қарсы екенін білдірмейді. Мемлекеттің діни бейтараптығы әртүрлі сенім иелерінің бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе исламдағы әділдік, аманатқа адалдық, қоғамдық тәртіп, бейбітшілік және өзара құрмет секілді құндылықтарға қайшы келмейді.

Төртіншіден, Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарына сүйенетін, өзге мемлекеттермен дипломатиялық және шарттық қатынастар орнатқан ел. Қазіргі халықаралық қатынастарды ортағасырлық соғыс пен бітім санаттары арқылы ғана бағалау бүгінгі саяси-құқықтық шындыққа сәйкес келмейді. Сондықтан «дарул харб» ұғымын Қазақстанға қолдану – зайырлылықтың мазмұнын дінсіздікпен шатастырудан және тарихи терминді қазіргі жағдайға механикалық түрде көшіруден туындайтын қате пайым.

Терминді бұрмалаудың қоғамдық қаупі

«Дарул харб» ұғымын орынсыз қолдану тек теориялық қателікпен шектелмейді. Кейбір радикалды топтар бұл терминді азаматтардың мемлекет заңдарын мойындамауына, қоғамнан оқшаулануына және айналасындағы адамдарға қарсы көзқарас қалыптастыруына ықпал ету үшін пайдалануы мүмкін. Мұндай түсіндірудің нәтижесінде адам:

Зайырлы мемлекетті исламның қарсыласы деп қабылдауы;

Мемлекеттік заңдарға бағынуды діни сеніміне қайшы санауы;

Ресми дін мамандарына сенімсіздік танытуы;

Өзге көзқарастағы мұсылмандарды айыптауы;

Қоғамды «біз» және «олар» деп бөлуі;

Күмәнді діни топтардың ықпалына түсуі ықтимал. Сондықтан діни терминдерді түсіндіру кезінде олардың тарихи жағдайын, құқықтық мазмұнын және қазіргі қолданыс ерекшелігін ескеру қажет. Діни сауаттылық тек ұғымның аудармасын білумен шектелмейді. Ол терминнің қандай жағдайда пайда болғанын, қандай мақсатта қолданылғанын және қазіргі қоғамға қаншалықты сәйкес келетінін ажырата білуді талап етеді.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты, теолог

«Х. Досмұхамедов» атындағы университетінің

аға оқытушысы

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының мүшесі