ИМАНҒАЛИ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ ОҚЫЛЫП, ЖАМАҒАТҚА ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ

Атырау облыстық Иманғали орталық мешітінде Мәуліт айының құрметіне арналған рухани жиын өтті. Басқосуда Мәуліт оқылып, жамағатқа дастархан жайылды.

Жиында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезін үлгі етудің маңызына тоқталды.

Сонымен қатар облысқа қарасты мешіттердің имам-ұстаздары жамағатқа тағылымды насихат айтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті мен адамгершілік құндылықтар жайында ой бөлісті.

Жамағаттың діни сауатын арттырып, танымын кеңейту мақсатында сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарық көрген рухани-танымдық кітаптары табысталды.

Жиын соңында ақсақалдар бата беріп, көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді. Мәуліт жиыны жамағаттың рухани бірлігін нығайтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін насихаттаған тағылымды басқосуға ұласты.