АТЫРАУДА «ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА АЙМАҚТЫҚ ФОРУМ-СЕМИНАРЫ ӨТТІ

ҚМДБ Атырау облысы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Қыз бала тәрбиесі – ұлттық тәрбие» тақырыбында аймақтық форум-семинар өтті.

Форумның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қыз бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін насихаттау және қоғамдағы рухани тәрбиені нығайту.

Шараға өңірдің ұстаздары, әйел жамағаты, сала мамандары мен әйел-қыздар секторының өкілдері қатысты.

Форумның алғысөзін Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөйлеп, қыз тәрбиесінің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды.

— Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Қазақ халқы қашанда қыз баланың әдебі мен тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұлттық тәрбие мен діни құндылық қатар жүрген жерде саналы ұрпақ қалыптасады. Бүгінгі форум – рухани тәрбие мен отбасы құндылықтарын насихаттайтын маңызды алаң, — деді бас имам.

Сондай-ақ форум барысында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, қыз тағдыры – ұлт тағдыры» тақырыбында қыз бала тәрбиесіндегі жауапкершілік пен ұлттық болмыстың маңызы туралы сөз қозғады.

Алматы қаласының әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбай «Ұлттық дәстүр – қыз тәрбиесінің алтын діңгегі: кеше және бүгін» тақырыбында қазақы тәрбие мен салт-дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталды.

Шымкент қаласы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы «Ана мен қыз қарым-қатынасы: наным-сенімнен психологиялық тұтастыққа» тақырыбында мазмұнды ой бөлісіп, отбасы ішіндегі рухани байланыс пен тәрбиенің психологиялық қырларын түсіндірді.

Форум барысында қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылып, белсенді жауап берген қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл бөлім жиынның мазмұнын арттырып, қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Форумды қорытындылау барысында Атырау облысының Әйел-қыздар секторының жетекшісі Назгүл Медерқызы қатысушыларға алғыс білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру мәселелерін талқылады.