Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қасиетті Рамазан айы аясында «Әжелер мектебі» өкілдеріне арнайы ауызашар дастарханын жайып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында бас имам жиналған аналар мен әжелерге насихат айтып, қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны мен өнегесіне тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық тәрбие мен отбасы бірлігін сақтауда аналардың рөлі ерекше.
Бас имам өз сөзінде:
«Қазақ қоғамында ана мен әженің орны қашанда биік. Ұрпақ тәрбиесінде олардың ақыл-кеңесі мен өнегесі өте маңызды. Бүгінгі әжелеріміз – береке мен бірліктің ұйытқысы. Қасиетті Рамазан айында үлкендерді құрметтеп, олардың батасын алу – сауапты іс», – деп атап өтті.
Шара барысында көктемнің көрікті мерекесі – Наурыз мейрамы орай әжелерге гүл шоқтары табысталып, ізгі тілектер айтылды. Сонымен қатар Құран ілімін меңгеріп жүрген аналарға Атырау облысы өкілдігі атынан арнайы сертификаттар табысталды.
Жиын соңында әжелер ақ баталарын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.











