БАС ИМАМ ИСАТАЙ АУДАНЫ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Абу Исатай ауданына сапары барысында аудан басшысы Нұрым Мусинмен кездесті. Кездесуде өңірдегі діни ахуал, жергілікті тұрғындардың рухани білім деңгейін көтеру және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Бас имам Болатбек Ұласқанұлы жастар арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, мешіттерде діни уағыздар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастыру, халықты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу қажеттілігіне тоқталды.

Аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы жергілікті билік пен діни мекемелер арасындағы ынтымақтастықты күшейту, әлеуметтік-рухани жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ол, сондай-ақ, ауданның діни және рухани жағдайын жақсарту бағытында бірқатар шаралар қабылданатынын атап өтті. Және де жергілікті мешіттердегі имамдардың пәтермен қамтамасыз етілгенін де тілге тиек етті.

Ауданның діни және әлеуметтік өмірін жақсарту мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға екі тарап та дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу соңында бас имам мүфтият баспасынан жарық көрген «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын аудан басшысына тарту етсе, өз кезегінде Нұрым Бекежанұлы ауданның қазақы құндылықтарға бай екенін жеткізе келе имамға Исатай ауданының шежіре кітабын сыйға берді.