БАС ИМАМ ҚАЙТПАЙ СҰЛТАН МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАСИХАТЫН АЙТТЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Қайтпай Сұлтан мешітінде жұма уағызын жүргізді. Пара беру мен жемқорлықтың зардабы туралы сөз қозғаған имам Жемқорлық – қоғамның үлкен індеті, оның зардабы адам баласының өміріне ғана емес, тұтас ұлттың болашағына да қауіп төндіреді. Бұл күнә – жай ғана заң бұзу емес, ол – әділеттілік пен адалдықтың жойылуы, ұлттың рухани құндылықтарының құлдырауы.

Адалдық пен әділеттілік – қоғамның тірегі. Біз әрқайсымыз өз жүрегімізде осы құндылықтарды сақтап, әр ісімізде оларды басты ұстаным етуіміз қажет. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та, адалдық пен тазалықтан бас тартпау – біздің парызымыз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті бізге ұлы сабақ: пара беруші де, алушы да, арадағы делдал да – барлығы ауыр күнә арқалаушы. Осыны естен шығармайық! Әрқайсымыздың өміріміздегі ұсақ-түйек көріністер де үлкен өзгерістерге бастайтын баспалдақ екенін ұмытпайық.

Жемқорлықпен күрес – тек билік пен заңның ғана емес, әрбір адамның борышы. Егер әрқайсымыз адалдық пен әділеттілікті жанымызбен қабылдап, ұрпағымызға үлгі көрсетер болсақ, қоғамымыз шынайы өзгеріске қол жеткізеді.

Алла Тағала бізге шынайы иман мен тақуалық, әділеттілік пен адалдықты сақтауды нәсіп етсін! Қиындықтар мен сынақтарда табандылық танытып, арамдықтан аулақ болайық. Ұрпаққа таза, әділ, берекелі қоғам қалдыру – әрқайсымыздың міндетіміз.

Осы жолда бірге жүрейік,- деп насихаттады бас имам. Жұма намазынан соң имам жамағатпен бірге ел амандығы үшін дұға бағыштады.