Өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы айт мейрамының қарсаңында шаңырақ көтерген жас-жұбайларды қабылдап, насихат айтып, ізгі тілегін білдірді.
Бүгінгі қасиетті Ораза айт мейрамында сіздердің шаңырақ көтеріп, өмірлеріңіздегі ең маңызды қадамды жасап отырғандарыңыз – үлкен жақсылық пен берекенің белгісі. Бұл күн – тек қуаныштың ғана емес, сонымен бірге ізгілік пен отбасы құндылықтарын дәріптейтін күн.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде: “Үйлену – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің үмметімнен емес”, – деп отбасылық өмірдің маңыздылығын атап өткен. Сондықтан сіздердің бұл бастамаларыңыз – Алланың разылығына жетелейтін игі қадам.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы жылды “Ислам және отбасы құндылығы” жылы деп жариялады. Діни басқарма әрдайым отбасылық құндылықтардың берік болуына назар аударады. Біз де мешітке келген жастарға үнемі осы насихатты жеткіземіз.
Сіздер көтеріп отырған жас шаңырақтың іргесі берік, махаббаттарыңыз мәңгілік, сүйіспеншіліктеріңіз баянды болсын! Алла Тағала сіздерді берекелі, иманды, татулыққа толы ғұмырмен қуантсын. Бір-бірлеріңізге сенімді тірек болып, сабыр мен сыйластықты серік етіңіздер.
Отбасының негізі – сүйіспеншілік пен құрмет, ал оның берекесі – кешірім мен сабыр. Бір-бірлеріңізді Алла разылығы үшін жақсы көріңіздер, кез келген қиындықты бірге еңсеріңіздер, әрдайым ақылдасып, өзара түсіністікпен өмір сүріңіздер.
Алла Тағала жаңа отауларыңызға мейірімін төгіп, екі дүниеде де бақытты болуды нәсіп етсін! Ораза айт мейрамы құтты болсын!,-деп батасын берді бас имам.
Айта кетейік діни басқарма былтырғы жылы 500 ден астам отбасын ажырасудан сақтап қалды.

