Бас мүфти Абай мұрасына арналған республикалық конференцияға қатысты

amin.kz/ 10 наурыз, 2020 жыл.  Семейде ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен «Хакім Абай мұрасының Ислам құндылықтарымен сабақтастығы» атты республикалық конференция өз мәресіне жетті.

Айтулы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім, Семей қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұржан Есенжолов, Шәкәрім атындағы университет ректоры Мейір Ғариполлаұлы, профессор Арап Сіләмұлы мен жергілікті имамдар қатысты.

Шәкәрім атындағы университет ғимаратында өткен конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғаш болып сөз алып, баяндама жасады.

«Хакім Абай Алланы тану, оның сипаттарын білу үшін ғылымды меңгер деді. Білімді болу арқылы ғана біз кемелдікке жетеміз. Өздеріңізге мәлім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Осы форумда Қазақстан мұсылмандарының «Жеті қазық» рухани тұғырнамасы қабылданды. Соның ішінде Білімділікті арнайы 7 рухани қазыққа енгіздік. Қасиетті Құранның да алғашқы аяты Оқы деп түскенін жақсы білесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал» деген болатын. Сондықтан біз халық үшін аянбай қызмет етуіміз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар игі шарада абайтанушы ғалымдар Абай мен Шәкәрім, әл-Фараби мұрасы жөнінде баяндама жасады. Университет ректоры Мейір Ескендіров Абай мұрасы, оның бүгінгі қоғамдағы маңыздылығы турасында айта келе, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ҚМДБ-ға алғыс айтты. Конференция соңында жиынның үндеуі қабылданды.