Діндегі ниеттің маңызы қандай?

Бір істің ортаға келуі үшін ниеттің орны ерекше. Ниетсіз істелген істер, негізгі қалауымен істелмеген тек әдетке айналған әрекеттерге ұқсайды. Қалауымен жасалған жақсы және жаман әр әрекет бір ниетке байланысты болады.


Ғибадаттарда шарт пен парыз ретінде ниеттің маңызы болса кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни ниетсіз ешбір іс болмайтындығын байқаймыз.
Ниет қылмай ұсталған ораза ғибадаты арнайы мақсат етіліп ұсталған оразаға жатпайды. Жәй бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттерде ғибадатқа айналады.


Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Амалдардың қабыл болуы және сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе оның қарымтасын алады» деген. Бұл хадис Құраннан кейінгі кітап саналған Бухари жинаған хадистердің ең алғашқысы. Яғни хадис жинағын осы хадиспен бастаған. Демек әр іс, әр амал ниетке байланысты.


Мәселен серігу ниетте дәрет алып құлшылық жасаса ниеті қабыл болып саналмайды. Сол секілді екі адам мешітке келіп бірі ыстықтан сақтанып салқындап алу үшін мешітке кірсе енді бірі бірінші барып азан тыңдап сауап алуға келсе екеуі де ниетіне қарай қарымтасын алады. Яғни бірі серігіп қайтса екіншісі азан тыңдау үшін бірінші барғандықтан түйе бергендей сауап алып қайтады.
Алла Тағала Құранда: «…..Кімде кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын», – дейді.
Ниеттер тек Алланың разылығы үшін болу қажет.
Намаз оқып тұрған имам рүкуде тұрған кезінде намазға үлгеру үшін келген бірін сезсе оны рукуде күтіп тұрған дұрыс. Мұндай күту Алла разылығы үшін жасалған амалдан болып саналады.
Дінімізде ниеттің орны бөлек. Жаман ниет үшін күнә арқаласаң жақсы ниет үшін сауап аласың. Сауап алу үшін ниетің таза болу керек. Амал іске аспай қалса да таза ниет жақсылыққа апарады. Яғни жақсы бір іске ниет етіп ісің іске аспай қалсада сауап аласың. Ислам ғұламаларының айтуы бойынша амалдан бұрын ниет етуді үйрен! Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Ниеті тура болғанға Аллада тура болады.
Мәселен бір адам өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алайда ол басқалар қажы деп айтсын деген ниетпен барса қажылық парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ сауабынан мақрұм қалады. Егерде қажылық барысында сауда саттық жасай келейін деген ниетпен шықса, бірақ қажылық жасау ниеті басым болған жағдайда қажылық сауабын алады. Егер керісінше сауда жасап қайту ниеті басым болса қажылық сауабын алалмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі.


Дәл сол секілді парыз болған оразаны ұстау арқылы ауруынан жазылайын деген ниет болса сауап болмайды. Тек парыз болған ораза мойнынан түседі.
Намаз оқуда әрбір исі мұсылманның басты парызы. Парыз болған намазды Алланың алдындағы негізгі міндет деп санамай оны денсаулыққа пайдалы денешынықтыру ниетте болса намазы дұрыс болмайды тек денешынықтыру жасағандай ғана болады.
Исламдағы әмір етілген нәрселерді дүние үшін істесе дұрыс әрі қабыл болмайды. Ол дүние үшін жасалған болып саналады. Керісінше дүние ісі ақыреті үшін жасалса ғибадат болып есептеледі.


Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла ниеті ақырет үшін болғанға дүниені де береді. Ал ниеті дүние үшін ғана болғанға ақыреттегі сауапты бермейді» десе тағы бір хадисте, «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» деген.


«Алла Тағала қиямет күні кейбір қауымдарды жүздерінен нұр шашыраған қалде махшар алаңына әкеледі. Олар арнайы дайындалған биік жерлерде болады. Адамдар оларға қызығып қарайтын болады. Олар пайғамбар және шәһидтерден емес. Олар жайлы бір топ сахабалар Алла Елшісінен біздерге түсіндіріп берсеңіз, біздің білгіміз келеді дегенде оларға: «Олар Алла үшін бір бірін жақсы көрген, әртүрлі рулардан, әртүрлі елдерден Алланы еске алу үшін бір жерге жиналып Аллаға құлшылық еткендер» дейді. Алланы еске алу үшін бір жерге жиналғандардың мәртебесінің махшарда қандай жоғары екенін ескертуде. Мүминнің ниеті әрдайым болғандықтан амалынан да жақсы екені айтылған.
Кейбір ғұламалар «Бір мұсылманның мәңгілік өмір сүруі иман мен салих амалдарының тұрақты болуына ниетте болуы, ол үшін өмірінде жасаған амалдардан да жақсы» дейді.


Алла Тағала қиямет күні сақтаушы періштелеріне: бәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны мынаны жаз деп бұйырады. Періштелер: Уа Раббым бұл құлға ондай бір нәрсені бекітпедік. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ деген де Алла: құлым бұл нәрселерді мүмкіншілігі болса істеуге ниетіне алған еді, деп жауап береді.


Сондықтан ниет адамды небір жақсылыққа жетелейді. Тіпті бұл дүние мен қатар о дүниеде нәтижесін көреді. Ғалымдар арасында мынандайда сөз бар. «Жақсылықта алға шығу аяқпен емес ниетпен болады». Бір адам ауырып кейбір амалдарды орындай алмай қалса да ниетіне қарай амалды жасағандай болады алады. Амалды жасағандай болуы сауапқа ие болады. Алла Елшісі (с.ғ.с) бір соғыста болған кезінде: «күмәнсіз Мәдинада, біраз қауым қалдырдық біз қандайда бір алаңға кірсекте, сөзсіз оларда (сауап жағынан) сол жерде. Өйткені олардың (бізбен бірге болуына) белгілі бір үзірлері себеп болды» дейді. Олар соғысуға қатысу ниеттерінде болып қатыса алмағандар. Сол үшінде тиісілі сауабын алады.


Қиямет күнінде бір адам әкелінеді. Ол адамның таулар сияқты жақсылығы мен қайырлы істері болады. Сол кезде мынандай дауыс естіледі: бұл адамның үстінде кімнің хаққы болса келіп алсын. Сол кезде біраз адам келіп оның жақсылықтарынан алады. Өзінде жақсылықта қайырлы істе қалмайды. Ол адам аң таң болып қалады. Сол кезде Алла Тағала ол құлына “Сен үшін менің құзыретімде бір қазына бар. Періштелерге және жаратылыстың біріне ол қазынамды білдірмедім” деген де ол адам “Уа, Раббым!” ол қазына қандай нәрсе деп сұрайды. Алла Тағала: ол қазына қайырлы іс істеудегі ниетің дейді. Сен үшін ол қайырдың жетпіс түрін жаздым.
Данышпандардың бірі: «сыртқы көрінісі кіші болған қаншама амал бар бірақ ниет оны үлкейтеді. Көрінісі үлкен болған біраз амал бар оны ниеті кішірейтеді» деген.
Исрайыл қауымының арасында бір құл бар еді. Құлшылығын тұрақты түрде орындайтын. Бір топ адам оның жанына келіп: «Бұл арада ағашқа табынған бір қауым бар» дейді. Ол құл ести салысымен ренжіп жанына бір балта алып ағашты шауып алып тастау үшін жолға шығады. Шайтан қарт бір шалдың кейпінде алдынан шығады да, қайда кетіп барасың деп сұрағанда ағашты кесуге кетіп бара жатқанын айтады. Шайтан “сенің ол ағашта қандай шаруаң бар, ғибадатыңды орындап жүре бер. Пайдасыз бір іспен айналысу үшін ғибадатыңды тастап барасың” дейді. Ол құл: “бұл да бір ғибадаттың түрі” дегенде, шайтан “ол ағашты саған кестірмеймін” деп екеуі күресе жөнеледі.
Құл оны жығып үстіне шыққанда шайтан өзінің әлсіздігін сезініп, бір сөз айтуына рұқсат сұрайды. Шайтан: “Алла бұл істі саған парыз етпеді. Ол ағаштың саған ешбір зияны жоқ. Сен оған құлшылық жасамайсың. Қаншама пайғамбарлар бар. Егер Алла қаласа бірін жіберіп кестіретін еді” дейді. Құл ол ағашты міндетті түрде кеспекке ниеттеніп, қайтадан күресе жөнеледі. Құл оны жығып тағы үстіне шығып алады. Сол кезде шайтан “сен мені тыңда, мен соңғы бір сөзімді айтайын” дейді.
“Сен жағдайсыз адамның бірісің. Бұл істі істеуден кері қайтсаң, әр күн үш алтын беріп отырамын. Оларды әр күн жастығыңның астынан тауып алатын боласың. Солай қажетіңді өтейсің, әрі туысқандарыңа жақсылық жасайсың, пақырларға көмектесесің және сол секілді көптеген қайырлы іске мұрындық болып сауапқа қаласың. Ал, ағашты кессең тек бір сауап аласың ол да пайдасыз. Өйткені, халық екіншісін егеді” дейді.
Құл бұл айтқанын қабыл етіп көнеді. Екі күн ол ақшаларды жастығының астынан тауып үшінші күні таппай қалады. Ашуланып балтасын тағы алады да, ағашты кесу үшін жолға шығады. Жол жөнекей ол қарт адамға тағы жолығады. Әлгі қайда кетіп бара жатқанын сұрайды.
Кейін төбелес басталып кетеді. Сол кезде қарт ол адамға күші жетіп, оны жығып үстіне шығып алады. Астында жатқан адам таңданып “сен осы жолы қалай менен күшті болып кеттің?” деп сұрайды. Сонда әлгі: “алғашында сенің ниетің тек Алла разылығы үшін болатын. Сондықтан, Алла мені жеңгізген еді. Ал, бұл сапарда сенің ішіңе алтын кірді сондықтан жеңілдің” депті.


Ниетте ықылас негізгі шарт. Ықылас болмаған барлық істің ешбір маңызы жоқ. Ниетінде тек Алланың разылығын алуды көздесе әрбір әрекетінен сауапқа ие болады. Ықылас жоқ болған амалдар ешбір пайда әкелмейді. Адамның әрбір істеген істерінің ниеті сұралады. Жасаған амалдарын қандай мақсатта істегенінің есебі сұралады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «ешбір құл болмайды айтқан құтбасын Алла Тағаладан қиямет күні қандай мақсатта айтқанынан сұралмайтын».

Негізгі мақсатың не? Қандай ниетпен сөйледің? Алланың разылығын алуды ма әлде халықтың көзіне түсу үшін бе? Қандай ниетте болса сол ниетінің қарымтасы беріледі.


Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының Бас имамы.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: