БАС МҮФТИ АТЫРАУДА ҰСТАЗДАРМЕН СҰХБАТТАСТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында өңірдегі мешіт ұстаздарымен тағылымды жүздесу өткізді.

«Ұстаз – ұлттық құндылықтар насихатшысы» деген тақырыпта өткен жүздесуде Бас мүфти: «Ұстаз – адам баласының жүрегіне ізгілік пен иман ұялататын, ақ пен қараны ажыратып, адал мен арамның шекарасын көрсететін тұлға. Елдің ертеңін қалыптастыру – бүгінгі ұстаздың қолында. Ұстаз – білім берумен ғана шектелмейді, ол ұрпақтың жан-дүниесін тәрбиелейтін тәлімгер. Сіз бен біз осындай жауапкершілікті алған жандармыз. Бұл – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.

Ұстаз – жат идеологияға қарсы тұратын қалқан. Қазіргі таңда жастар арасында жат ағымдардың арбауына түсу, ұлттық болмыстан алыстау секілді келеңсіз көріністер жиі кездесіп отыр. Бұған қарсы тұрудың ең тиімді жолы – тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, діни және ұлттық дүниетанымды дұрыс бағытта насихаттау. Міне, осы тұста ұстаздың рөлі ерекше. Дін мамандары өскелең ұрпаққа салиқалы діни білім мен ұлттық сана бере алса, ел ертеңі жарқын болмақ» деді.

Бас мүфти басқосу барысында ұстаздармен еркін әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар Атырау облысындағы діни ахуалды ұдайы тұрақты ету бағытында тиісті нұсқамалар берді.