Кеше «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, жамағатқа Рамазанның соңғы күндері жөнінде уағыз-насихат айтты.
Бас мүфти Рамазан айының соңғы түндерінде құлшылықты арттыру сүннет екенін атап өтіп, өз уағызында Рамазанның соңғы күндерінің қадір-қасиетіне кеңінен тоқталды.
«Алдағы он күн – Рамазанның соңғы сәттері. Алдағы 10 күннің бірінде мың айдан қадірлі болған Қадір түні жасырылған. Алдағы 10 күнде Құранды толықтай оқып бітіп, дұға жасау мәртебесіне ие боламыз. Рамазанның соңғы 10 күнінде Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аса ыждағаттылықпен құлшылық қылған.
Әрине, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибадаты қай кезде де ерекше, ынта мен ықыласқа толы еді. Әйтсе де Рамазан айындағы ғибадаттың аса маңыздылығы үшін, әсіресе соңғы он күндіктің аса қадірлі болуы себепті, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне үлгі болды. Қасиетті айдың ішінде ең қымбат, дұғалар кері қайтарылмайтын түн жасырылған.
Қадір түні ‒ оның нақты қай түні екені белгісіз болуымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ, ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің біріне жасырылды. Ғалымдар бұл түні жасалған жақсы амалдар, мың ай бойы жасаған амалдардан қайырлы деген. Хадис шәріпте: «Кім де кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген. Ендеше, қасиетті Рамазанның соңғы күндерін құлшылықпен өткізіп, Қадір түнінде жасаған дұға-тілектеріміз қабыл болсын, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бесін уақытындағы уағыз соңында жамағатпен бірге еліміздің ынтымақ, бірлігі және халқымыздың амандығы үшін арнайы дұға жасады.