Бүгінде көп адам күрсінеді
“Жақсы заман келер деп едік, ол баяғыда өтіп кеткен екен… Біздің ата-әжелеріміз мықты еді, ал қазір ше?”- дегендей.
Иә, рас.
Бабаларымыз киіз үйде отырып-ақ жер жыртып, мал бағып, елін қорғап өтті. Олар технологияға тәуелді болмады. Бірақ ар мен ұятқа, иман мен әдепке тәуелді еді.
Бір-бірін сыйлады, үлкенді құрметтеп, кішіні ізетпен көтерді. Тіпті бір тілім нанды бөлісіп жеді, бір ауыз сөзге тоқтады.
Ал дәл сол кезде… Біз киіз үйде өмір кешіп жатқанда, Америкада мынадай өзгерістер болып жатты:
XIX ғасырда:
– Телеграф, телефон, теміржол – жаңа дәуірдің есігін ашты.
– Эдисон шамды жақты, Белл телефонды қосты, Форд көлік шығарды.
– Ғылым мен техникада революция болды.
– Гарвард, Йель университеттері әлемдік ғылымның көшін бастады.
– Қалалар дамып, зауыттар мен банктер өркендеді.
Яғни олар – дүниені меңгеріп жатты.
Біз – рухты сақтап жаттық.
Шешімі қарапайым.
Егер мұсылман дінге бекем болса – ар-ұяты, әдебі, шүкірі мықты болса – ол бұл дүниенің игіліктерін де меңгереді.
Мұсылман емес адам – дүниеге қызмет етеді.
Ал мұсылман – дүниені пайдалана отырып, Раббысына қызмет етеді.
Сондықтан бүгінгі сұрақ:
Тек ғылым ба, әлде тек иман ба? Жоқ, екеуі бірге болуы керек.
Ғылыммен қаруланып, жүрекпен иманымызды сақтасақ –
біз тек тарихпен мақтанбаймыз,
тарихты өзіміз жаза бастаймыз.
Ержан Қағазғалиев
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы