#Бізбіргеміз: Атырауда жиырма отбасына азық-түлік таратылды

amin.kz/22 наурыз, 2020 жыл. Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті жанынан жұмысын бастаған «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық мекемесінің ашылуы және Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің құрметіне бүгін жиырма отбасына азық-түлік таратылды.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қамтылған азық-түлік пакеттерін мұқтаж бауырларымызға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өз қолымен табыс етті.

«Адам баласы қоғам ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан бір-біріне мұқтаж. Осындай мұқтаждық адамдардың бір-біріне жәрдемдесуін, бір-бірінің кем-кетігін толтыра отырып, үйлесім негізінде өмір сүруін талап етеді.

Құран Кәрімнің көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бұл анық көрініс тапқан. Алла Тағала: «Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдыңдар..» (Әли Имран, 110) деп, мұсылмандарды жақсылық жаршылары ретінде сипаттап, ұдайы жақсылық жасауға шақырған.
«Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зілзала» сүресі, 7-аят) деген де аят бар. Жақсылық жасауда жарысайық» деді өз сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.


Еске сала кетелік, бүгін Атырау облыстық «Иманғали» мешіті жанынан «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығы ашылды. Орталық екі бағытта, яғни мұқтаждарға азық-түлік және киім-кешек таратумен айналысады.
Қайырымдылық орталығы Атырау қаласы, Грибоедова көшесі, 4 үйде орналасқан.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.