#Бізбіргеміз: Атырауда Әйелдер-қыздар секторы өкілдігі тіккен көп реттік маскалар тегін үлестірілді

amin.kz/22 наурыз, 2020 жыл. Бүгін Атырауда 200 маска тегін таратылды.

Елімізде орын алған төтенше жағдайға орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атыраудағы өкілдігі ерікті түрде тіккен қорғаныс маскалары осылайша «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығының ашылу құрметіне қала тұрғындарына таратылып отыр.

Стерильді материалдан тігілген бетперделерді көп реттік қорғаныс құралы ретінде де пайдалануға болады.

«Әлемге тарап жатқан коронавирус пандемиясы Қазақстанда да тіркеліп және бұл дертке шалдыққандар саны артуда. Елімізде жарияланған төтенше жағдай – халқымыздың саулығын сақтау үшін жасалған қадам. Бұл жағдай барлығымызға сабақ боларлық әрі осындайда бірлігімізді де көрсетуіміз керек. Қорғаныс маскаларын тарату арқылы, біз біргеміз деген ұранның шынайы жүректен шыққан сөз, ақ ниет екенін көрсеткіміз келді. Алла Тағала елімізді пәлекеттен сақтасын. Әз Наурыз жақсылығымен келгей» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, бүгін Атырау облыстық «Иманғали» мешіті жанынан «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығы ашылды. Орталық екі бағытта, яғни мұқтаждарға азық-түлік және киім-кешек таратумен айналысады.
Қайырымдылық орталығы Атырау қаласы, Грибоедова көшесі, 4 үйде орналасқан.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.