Еңлік Мұратқызы Атырауда ауызашар дастарханына қатысып, әйел жамағатына насихат айтты

Атырау облысында қасиетті Рамазан айы аясында әйел жамағатына арналған берекелі ауызашар дастарханы ұйымдастырылды. Рухани жиынға ҚМДБ Түркістан облысы өкілдігінің әйел-қыздар секторының жетекшісі, исламтанушы ұстаз Еңлік Мұратқызы арнайы қатысып, өңірдегі әйел жамағатқа насихат айтты.

Берекелі ауызашар қасиетті Құран аяттарымен басталып, жиналған қауым Рамазан айының сауабы мен берекесіне ортақтасты. Ұстаз Еңлік Мұратқызы өз сөзінде Рамазан айының адам тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, әйел адамның отбасындағы, қоғамдағы рөлі, ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, адалдық пен сабыр, мейірім мен шүкір секілді құндылықтар жайында кеңінен насихат жүргізді.

Сондай-ақ ол әйел жамағатты рухани тұрғыда дамуға, білім алуға, отбасы бірлігін сақтауға шақырып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге ислам құндылықтары тұрғысынан түсінік берді. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріліп, ашық әрі еркін форматта пікір алмасу өтті.

Рухани ауызашарға қатысқан әйелдер бұл кездесудің тәрбиелік мәні жоғары болғанын атап өтіп, осындай тағылымды жиындардың жиі ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдірді. Жиын соңында ауызбіршілік пен ынтымаққа, отбасы амандығы мен ел тыныштығына дұға жасалды.

Айта кетейік, Рамазан айы аясында Атырау облысында әйел жамағатына арналған рухани кездесулер мен насихат шаралары жүйелі түрде жалғасып келеді.