Ережеп – берекелі һәм ұлық ай. Бұл айда игі амалдарға мол сауап жазылады, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.
Ережеп (Ражаб) – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған (Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ражаб) айларының бірі. «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді.
Кейбір деректерде жер жүзін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге Ережеп айының бірінші күні мінген, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең алғашқы уахи Ережеп айында түскен, осы айда Исра және Миғраж оқиғасы болған деген мәліметтер айтылады. Тағы бір деректе «Ережеп – ол суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді» делінген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтқан. Алайда бұл айда ораза тұту немесе тұтпау – әркімнің өз еркі.
Ислам діні келместен бұрын Ережеп айында құрбан шалу рәсімі бар еді. Ислам келіп, оның үкімін жойды. Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Біз жаһилиятта (надандық дәуірде) Ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбан шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандықтарыңды шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар», – деді.
Шариғат бойынша жағдайы бар мұсылманға Құрбан айт күні құрбан шалу – уәжіп (міндет), ал басқа уақыттарда ол нәпіл ғибадат болып есептеледі.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айы басталғанда: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен.
Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек.
Алла Тағала баршамызға Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!