Ғайбаттың арты азап

Бір адамның бойында расында да бар нәрсені айтса, я оның расында да істеген күнәсін, жаман нәрсесін, айыбын айту ғайбатқа жата ма?

Әлде біреудің сыртынан ғайбат айту деп ол адамның бойында жоқ нәрсені айтып, өтірік кінә тағуды айта ма? Қысқасы, ғайбат айту мен жала жабудың айырмасы бар ма, әлде екеуі бір нәрсе ме?

Осы дерттен айығудың жолы бар ма? Міне,  мақаламызда осы мәселелерге шамамыз келгенінше тоқталып көрмекпіз.

Мейірімі  Алла  адам баласына  Өзі жаратқан адамның қыр-сырын, жан-дүниесінің құпияларын қасиетті Құранда анықтап, түсіндіріп береді. «Ей, адам, сен байқа. Мына нәрсе саған зиян. Былай қылсаң залал, ал былай істесең сауап, жақсылыққа кенелесің»– деп,  Алла Қасиетті Құранда не пайда, не залалды түсіндіріп береді. Міне бұл Алла Тағаланың пендеге рахымының  молдығының дәлелі осы

         Түзу кел, қисық қыңыр, қырын келмей,

         Сыртын танып іс бітпес сырын көрмей

демекші, сөз қадірін ұғар құлақ болса, асыл сөзге мейірлене алатын ынталы жүрек болса, Алла-Тағаланың бізге айтқан ескерту сөзі мынау.

         Ей, Аллаға иман келтірген момындар!  Бір қауым ел басқа қауымды тәлкек етпесін. Бәлкім ол даттағандарың өздеріңнен жақсы шығар. Бір-бірлеріңді мысқылдап, масқаралап күлмеңдер, уа жеңілдікке санамаңдар. Байқаңдар, сендердің күлген адамдарың сендерден артық болуы мүмкін.

Сондай-ақ, әйелдер де басқа әйелдерді келемеждеп, кемітпесін. Бәлкім олар, ол күлген адамдарың өздеріңнен жақсы шығар.

         Расында да, Алланың алдында кім кімнен артық екенін бір Алладан басқа кім біле алады?

Бір-біріңді міндемеңдер, бір-біріңе жаман ат тақпаңдар. Иман келтіргеннен кейін жаман атқа ие болу нендей жаман! Бір-біріңнін айыптарыңды ашпаңдар дейді, себебі момындар бір дене сияқты. Бір-бірлеріңді айыптасаңдар, дәл өздеріңді өздерің айыптаған сияқты боласыңдар.

         Ал кім тәубаға келмесе, міне солар нағыз залымдар дейді. Мейірімді Егеміздің осы сөздеріне біз де таубе қылсақ, мойынсұнсақ, өзімізге өзіміз зұлымдық жасамасақ нұр үстіне нұр емес пе.

         Ей, Алласына иман келтірген Менің  құлдарым, сендер көптеген күмән ойлардан сақтаныңдар! Өйткені қайсібір ойларың – күнә.

         Сыр тексермеңдер, бір-біріңді ғайбаттамаңдар

         Сендер туысқан бауырың өлгеннен соң оның етін жеуді жақсы көресіңдер ме? Әрине жақсы көрмейсіңдер, яғни «Көрдіңдер ме ғайбат айту, өсек тасу, сыр тексеру қандай жиіркенішті» дейді.

Расында Алла Тағала тәубаны өте тез қабыл етуші, ерекше мейірімді.

Енді адамның сыртынан ғайбат айту мен жала жабудың айырмасы не? Әлде екеуі бір нәрсе ме деген сұраққа келейік.

         Әбу Хурайра арқылы рауаят болған бір хадисте былай дейді. Хз Пайғамбарымыз ҒСУС бірде сахабаларымен бірге отырып:

         – Сендер ғайбат сөзге не жататынын білесіндерме? – деп сұрады. Сахабалар тұрып:

         – Аллаһу уа Расуллуһу әғлам – Алла біледі, екінші Оның сүйікті Расулі жақсы біледі – деп, сұрақ айналып Пайғамбардың өзіне келді. Сонда тұрып Мубарак:

         – Дін бауырының сыртынан оған  бір ұнамсыз болатындай нәрсені сөз қылу, я бір жағымсыз нәрсеге теңеу, – деді.

         Сонда сахабалардың біреуі тұрды да айтты:

  • Ал егер ол сөз болған адамда ол жағымсыз нәрсе расында да болса ше? Онда да ғайбат айтқан бола ма? – деп сұрады.

         Сонда Алланың елшісі айтады:

  • Егер сөз болған нәрсе онда бар болса, ғайбат еткен боласың. Ал егер айтқан нәрсең ол адамда жоқ болса, оған жала жапқан боласың,– деп жауап береді.

Әбу Мәлік ансари Абдулла бин Әби Хузәйдті р.а.т:

-Әй, насрани, бері кел, – деп шақырады. Насрани яғни, христиан деген сөз. Ол тұрып:

-Иә, жөйт, не дейсіз?- дейді. Бұл Худжра сүресінің аяттары осы кезде түскен.

Иман келтірген соң бір адамды “пасық” деп, немесе “насрани”, “жөйт” деп келемеждеу өте ауыр болады. Бұндай мінезден тыйылмаған, тәубә қылмаған адам өз нәпсісіне, яғни өзіне өзі зұлымдық қылған болады, өзін өзі Алланың азабына лайық көрген болады.

Екінші бір түрлі адам болады: басқалардың айыбын, мінін іздеп шұқылағыш, біреудің айтқан жаман сөзін ұмыта алмай, көңілінде ұстап қалғыш. Ол адам кір-қоқыс, мусорды жинап, қалтасына салып алып жүретін адам секілді. Ал енді бір адам болады, ондайды керісінше күресінге апарып тастап, көміп тазарып отырады, басқалардың қоқысын, былғаныш нәрсесін де ешкімге көрсетпей, бықсытпай, апарып көміп тастап отырады.

Тақуаның бір белгісі осы – жер секілді. Жер-Анаға кім көрінген түкіріп, қоқысын да, нәжісін де тастайды, ал Жер-ана жарықтық бәрінен гүл өсіріп шығарады. “Мықты болсаң жердей бол, бәрін шыдап көтерген. Таза болсаң судай бол бәрін жуып кетірген”.

 Елдос ОТАШБАЕВ,

«Доссор мұсылмандар» мешітінің имамы.