Бірде Омар (Алла оған разы болсын) Шам елінің тұрғындары қатарындағы бір ержүрек кісіні сұрастырғанда, оның шарап ішуге салынып кеткені туралы хабар алады.
Сонда әлгі кісіге арнап хатшысына: «Омар ибн әл-Хаттабтан пәленшеге. Саған сәлем болсын! Мен саған Одан өзге құдай жоқ Алланы мақтаймын. Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Алланың атымен. «Ха. Мим. Бұл кітап бәрінен Үстем, барлық нәрсені Білуші Алладан түсірілген, – күнәні Кешіруші әрі тәубені Қабылдаушы, жаза беруде қатты, мол иігілік Иесінен. Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Қайту Оған» (Ғафыр сүресі 1-3 аяттар) деген мазмұнда хат жаздырады және әлгі кісіге шабарман жіберіп, шабарманға;
«Оған бұл хатты сау кезінде табыста!» – деп тапсырады. Сонан соң жанындағы бір кісіге оның тәубеге келуі үшін дұға етуін бұйырады. Содан халифаның хатын алған әлгі кісі оны оқып: «Шындығында, Раббым маған мені кешіретіндігін уәде етіпті әрі мені жазасынан сақтандырыпты» – деп қайталап жылап жібереді.
Содан кейін ол шараптан біржола тыйылып, көркем тәубеге келеді. Кейіннен Омар халифа оның хабарын естігенде: «Біреуіңнің қателескенін көрсеңдер, осылай жасаңдар. Оны жөнге салыңдар әрі ол үшін дұға етіңдер және оған қарсы шайтанға көмекші болмаңдар» – депті. (Тәфсир әл Қуртуби 15/256)
Бұл оқиғада Омардың (Алла оған разы болсын) адамдарды тәрбиелеудегі даналығы көрінеді. Ол адамдардың табиғаттары мен оларды түзеудің жолдарын және кімге ненің пайдалы, ненің зиянды екенін жақсы білген. Бұл – жемісті тәрбиеге қатысты сабақтардың бірі әрі басқаларды жөнге салудың тамаша тәсілі. Мүміндердің әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб жауапкершіліктері мен жұмыстарының орасан үлкендігіне қарамастан, үзеңгілестерінің бірі көрінбей қалса, мұны байқап ол жайлы сұрастыратын және оның жағдайын түзеуге ұмтылатын.
Ал, бүгінде бір мұсылман көрінбей қалса, мұсылман таныстары оның жоқтығын аңғармайды да, аңғарған күннің өзінде оның не үшін көрінбей қалғанын сұрастырмайды. Сұрастырған жағдайда оған көмек қажет болса, жағдайын түзеуге ұмтылмайды. Шындығында мұндай немқұрайлылық – мұсылмандар арасындағы бауырластықты жоятын залалды салдардың бірі.
Өздерінің бір біріне бауыр екендіктерін білетін мұсылмандардың жағдайы бұлай болмауы керек. Сондықтан мұсылмандар әлдебір танысы көрінбей қалса, сырттай болжам жасамастан, оның жағдайын анықтап, көмек қажет болса, жағдайын түзеуі лазым (Шәһид әл Миһраб 208 бет)
Қазақта: «Досыңның маңдайындағы шыбынды балтамен айдама» деген. Қателікті дер кезінде жүгендемесе, ол әдетке айналуы заңдылық, ал жаман әдет өміріңе айналуы даусыз.
Көп жағдайда біреудің қателескенін айта қалса, «өзім білемін, сенің не шаруаң бар?» деп қасарысатын адамдар да кездесіп жатады. Әлбетте әр адам алдымен өзін тәрбиелеп, өзінің кемшіліктерімен күресуі керек. Бірақ өзіңнің қателігіңді айтқан адамды кері итермей, алғыс айта білуіміз даналығымыздың бейнесі болмақ!
Алла Тағала баршамызға біліммен қатар даналық үйренуімізді нәсіп еткей!
Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.