Имандылық – асыл қасиет

Адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі – ол имандылық. Иманы бар адам ешқашан ешкімге зиян тигізе алмайды.

Өйткені хадис шәріпте: «Нағыз мұсылман тілімен де, қолымен де өзгеге зияны тимеген адам» делінген. Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады.

Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» – деп бұйырған.

Адамның иманды болуы отбасынан басталады. Ол үшін әке мен шешенің рөлі зор. Осы мәселеде де хақ дініміз аса жауапкершілікпен қарайды. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу негізінде отбасынан басталады. Отбасы дегеніміз – адам баласының өсіп – өнер, қазтұрар, қанатқағар ұясы, алтын бесігі. Отбасында, әсіресе, тәрбие анағ абайланысты. Ананың бала тәрбиелеудегі рөліне Ислам қайраткерлері де көп көңіл бөлген.

Тіпті иманды түсіндіре келе хазіреті пайғамбарымыз: «Сендер жаратушы Аллаһты және  мені, яғни Алланың елшісін ата-аналарыңнан да , мал дүниелеріңнен де артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайсыңдар»деген еді.

Астарына үңілер болсақ иман келтіру жай бір тілмен айта салатын жеңіл сөз емес, керісінше аса мағынаға ие жауапкершілік екенін аңғарамыз. Имандылықты  жүрегіне сіңірген адам еш уақытта жолдан таймайтыны анық.

Асыл дініміздің ерекшелігі осында имандылықты қатты насихаттап, адамдардың бейбіт өмір сүруіне ықпал етеді. Қазіргі қоғамда болып жатырған неше түрлі келеңсіз жағдайлар сол имандылықтың ақсап қалуында болып отыр.

Жастардың өз-өзіне қол жұмсауы, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық т.б көптеген бұзақы істердің басы имансыздықтан һәм құдайды естен шығарғаннан болып отырғаны жасырын емес. Осындай жаманшылықтарды болдырмау үшін алдымен иманымызға, мінезімізге аса мән бергеніміз абзал болады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ұлт басына төнген осындай лас істерден бәріміз бірігіп құтылсақ ғана мақсатқа жете аламыз. Жаратушының бұйрығын орындап, әр басқан қадамға есеп берсек иманымыздың нығаяры сөзсіз.

Самат КҮБІРБАЕВ,

Доссор мұсылмандар мешітінің азаншысы.