Салты жақсының – халқы жақсы

Біз көбіне салт-дәстүр, салт-сана деп айта береміз. Бұл тіркестерге құлақтың үйренгені соншалық сана да, салт та, дәстүр де бір мағынада айтылатын синоним сөздер сияқты естілетін болып кетті.

Дәстүр – «дустур» деп айтылатын араб сөзінің баламасы, конституция, құқытық негіз, заң дегенді білдіреді. Ислам мемлекеттерінде конституция (дәстүр) шариғат ережелеріне негізделген. Қазақ та мұсылман халық, олай болса Ислам шариғатына тән дәстүр, бізге де лайық әрі міндетті.

Кезінде, кеңестік атеизмнің негізгі мақсаттарының бірі – халықты дінсіздендіру болғандықтан, «дәстүр» сөзінің мағынасы түбегейлі өзгерді. «Дәстүр» сөзін «салт» немесе «ежелгі, бұрынғы» деген мағынада қолдана беретін болдық.

Ал, салт – адамдардың әдетінен қалыптасқан қолданыстағы іс-әрекеттер. Яғни салт – қолданатын әдеттердің тұрмыста сіңісті болған түрі. Өткен ғасырда өмір сүрген ғылым иелері әр этностың салтына үлкен мән бере отырып, ол әдеттердің бір елдің «салты» деп мойындалуы үшін мына үш шартты ұсынған:

1. Салт, Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижма`) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарсы келмеуге тиіс. Сондай-ақ, зайырлы мемлекеттерде, салт, конституциялық талаптар мен ережелерге қайшы болмауы керек.

Имам әс-Сарахсидің сөзіне құлақ салсақ: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез келген салт есепке алынбайды». (“әл-Мәбсут” 1/146.).

2. Салт – сол қоғамдық ортада кең тараған болуы тиіс.

Имам әс-Суютидің айтуынша: «Салт егер (қоғамдық ортада мойындалған) кең тараған болса ғана тән алынады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды» (“әл-Әшбахһ уә-ннәзаир” 87).

3. Салт, бізге бұрынғылардан жеткен, бірақ қазіргі таңда да қолданыстағы салт болғаны жөн. Бұл орайда Имам әл-Қарафи: «Әр нәрсенің салт арқылы көрсетілетін айрықша орны бар», – десе, имам ән-Нәуәуи: «Шариғатқа қарсы келмеген кейбір мәселелерде, салтқа сүйену керек», – дегенді айтады (“Шарх Сахих Муслим” 2/8.).

Негізі, салт бір ұлттың, қоғамның, қауымның болмысын, табиғатын айқындайтын көрініс. Салт – ана тілімізді сақтаушы. Салт ұлттық сипатынан айырыла бастағанда қазақы менталитет те өзгеріске ұшырайды. Тіл шұбарланып, қазақ тіліне тән үндестік бұзылып, біртін-біртін жойылып кетуі әбден мүмкін. Салтына қарап адамдардың қай ұлттың өкілі екендігін айыру қиын емес. Өйткені ұстанған салты, ана тілі, сәні мен салтанаты олардың кім екендігін айтып тұрады. Дәстүр болса – рухани сенім айнасы. Адам дінсіз бе, жоқ әлде дін ұстанады ма? Егер дінде болса қай діннің өкілі? Яғни дәстүр – адамның рухани бейнесі, қауымның рухани байланысы.

Мысалы: ауылға келін түскенде, оны күйеу жігіттің жақын туыстарымен таныстыру, жырға қосып өсиет-өнеге беру, сондай-ақ адам өмірінде айрықша орын алатын осындай қуанышты күнге лайық жарасымды әзіл-күлкіні араластыра отырып бетін ашу – салтымыз. Ал, шариғатымызға сай жұбайлардың некесін қию – дәстүр. Атап айтқанда, Ислам шариғатымен дәстүрлер жалғасады. Дәстүр арқылы миллиондаған мұсылмандар қатарынан орын алып, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) абыройлы үмметінің ішінде болмақпыз. Ал, салтымыз арқылы өзге ұлыс өкілдері бізді қазақ деп таниды, әрі мойындайды.

Олай болса, салт пен дәстүр сабақтастығы, байырғы бабалар ұлылығын жалғастырар жол деп түсінеміз. Ендеше, салт пен дәстүр кәусарынан сусындаған сенім ғана келешекке алып бармақ.

Жер бетінен қаншама ұлыстардың, кезінде гүлденген қаншама өркениеттің құрып кеткенін тарихтан білеміз. Олардың сәулет өнеріндегі жетістіктері мен алып құрылыстары, кейбір тылсым құпияла-ры, академиялық ғылыми табыстармен қаруланған бүгінгі заман адамдарын күн өткен сайын таңғалдыруда. Бірақ олар жер бетінде мәңгі жасай алмады ғой.

Өткенге үңілсек, қазақ елін жоқ етуге ұмтылған бес мемлекеттің үшеуі жер бетінен жойылып кетіпті. Бабалар тілегі қабыл болып, мың өліп, мың тірілген қазақ елін Жаратушы Ие сақтап келеді. Өйткені, қазақ елі ұлылыққа ұмтылған ежелгі құндылықтарын жоғары ұстап, намысын, елін, жерін, өзіне ғана тән болған ана тілін қорғай білді. Адамгершілікке, мейірбандыққа, сүйіспеншілікке шақырған дәстүрімен рухына қуат, жасампаздыққа деген берік сана қалыптастыра алды.

Ендеше, «салт-сана» деп бекер айтылмапты. Дәстүр тазалығына негізделген салт жалпыға бірдей сана қалыптастыра алатынын көріп отырмыз. Барша қазақ елін ұлттық биіктікке көтеретін қоғамдық сананың қалыптасуы, озық, жасампаз салтымыз бен кінәратсыз сенімге негізделген дәстүр тазалығын сақтай білуде болмақ.

Жайлыбек  КЕНЖЕАЛИЕВ,

Хан Ордалы Сарайшық мұсылмандар мешітінің бас имамы.