ИМАНҒАЛИ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ ЖЫРЫ ОҚЫЛЫП, ЖАМАҒАТҚА ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ

Иманғали орталық мешітінде Мәуліт мерекесіне орай рухани басқосу өтті. Шараға мешіт жамағаты, қала тұрғындары мен ақсақалдар қауымы қатысып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінен тағылымды сыр шертілді.

Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жиналған қауымға арнап насихат айтты. Өз сөзінде ол Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көркем мінезін, отбасына, жамағатқа, күллі адамзатқа көрсеткен мейірімі мен өнегелі өмірінен мысалдар келтіріп, мұсылман қауымын пайғамбар сүннетіне берік болуға шақырды. «Мәуліт – бұл біз үшін тек қана тарихи мереке емес, жүректерімізді нұрға бөлейтін рухани сәт. Пайғамбарымыздың өмір жолы – әрбір мұсылман үшін мәңгілік өнеге» – деді бас имам.

Орталық мешітке қарасты Құран жаттау орталығының ұстазы Захитджан Қалматұлы әсерлі әуенмен Мәуліт жырын оқып, жиналған жамағатты ерекше ықыласқа бөледі. Мәуліт жыры кезінде Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылып, мерекенің рухани мазмұны тереңдей түсті.

Сондай-ақ мешіттің ақсақалдары да жамағатқа ақ батасын беріп, қазақы дәстүр мен дін сабақтастығы жайында тағылымды ойлар айтты. Олар бабалар шығармашылығынан үлгі боларлық жырлар оқып, елдік пен бірлікті, имандылық пен адамгершілікті дәріптеді. Ақсақалдардың ақ тілегі мен бабалардан жеткен өсиеттер жастарға өнеге, үлкендерге қуат берді.

Шара соңында жамағатқа дастархан жайылып, елдің бірлігі мен берекесін арттыратын ізгі дәстүр жалғасын тапты. Мәуліт кеші мешітке жиналған жұрттың жүрегін нұрландырып, пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікті одан әрі күшейтті.