Дүние жүзінде қаншама адамдардың бір-біріне хақысы бар, ал оның ішінде ең алға қойылғаны – ата-ананың хақысы.
Сый-құрмет көрсету тұрғысынан дүниеде ешкім одан асып кете алмайды. Өйткені Аллаһ Тағала әке-шешені адам баласының өмірге келуіне себеп қылып жаратты. Сондықтан да, олардың хақысын жоғары қойды.
Оларға жақсы қарым-қатынас қылуда сондай сауап берілген, ол жайында хадисте былай делінеді:
«Егер қандай да бір адам әке-шешесіне махаббат көзімен бір рет қараса, оның есесіне Аллаһ Тағала оған бір қажылық пен умраға тең сауап жазады».
Ата-анаға қызмет қылу туралы Алла Тағала және Оның Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Аке-шешеге қызмет қылу – бүкіл ғибадаттардан алда». Осылайша Құран Кәрімде бұл жайлы бір емес, біршама аяттар түсті. Аллаһ Тағала Анкабут сүресінің 8-ші аятында айтты: «وَ وَصَّيْنَا الْاِنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ حُسْنًا»,
«Біз адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды өсиет қылдық». Тағы бір аятта:
«وَقَضٰى رَبُّكَ اَلاَّ تَعْبُدُوٓا اِلَّآ اِيَّاهُ وَ بِالْوَالِدَيْنِ اِحْسَانًا»
«Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті»,-делінген, яғни бұл жердегі айтылғалы тұрған мақсат – тек Аллаһқа ғибадат қылудан кейінгі үлкен парыз – әке-шешеге жақсы қарау.
Осы аяттың жалғасында:
«اِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ اَحَدُهُمَآ اَوْ كِلٰهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا اُفٍّ وَّ لَا تَنْهَرْهُمَا وَ قُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا»
Бұл жерде жақсы қарым-қатынас жасау турасында:
«Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, «туһ» деме. Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле»,- делінген. Әке-шешеге қызмет қылу – Аллаһ елшісінің де (с.ғ.с) бұйрығы. Осыған қатысты бір оқиғаға тоқталып өтейік.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Увейс ибн Амр Қарани атты бір кісі өмір сүретін, өзі мұсылман болатын .
Ол Пайғамбармен (с.ғ.с) кездесуге деген үлкен құлшыныспен одан сұрады:
-«Мен сізге келгім келеді, алайда анам ауру халде, және менің көмегіме мұқтаж».
Алланың Расулі (с.ғ.с) оған:
-Сен маған кездесуге келмей, анаңа қызмет қыл,- деп айтты.
Сөйтіп Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеден өтіп, Увейс ибн Амр (р.а) онымен кездесіп, сұхбатын ала алмаса да, оның үкімін орындады.
Аллаһ Тағала Хазіреті Увейс ибн Амр Қаранидің анасына қызметі үшін мынадай сый берді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол жайында Омарға (р.а) былай деді: «Йа, Омар. Бір заманда «Қаран», яғни Йемен жақтан бір адам Мединаға келеді. Қашан сол адам сенімен кездессе, ей Омар, онда оған өзіңе дұға қылдыр, өйткені Аллаһ Тағала оның дұғасын қабыл қылады».
Анаға қызмет қылу – ол сондай іс, адамды үлкен дәрежеге жеткізеді. Мысалға Хазіреті Увейс ибн Амр Қаранидің оқиғасы, және Имам Ғазали (р.х) жайында да кеңінен таралған оқиғаны келтірсек болады. Ол біршама уақыт анасына қызмет қылған себептен білім ала алмады, алайда қызметтен босаған соң Аллаһ Тағала оған білім иелерінің ішінде үлкен дәреже берді. Сол себепті бұл істі бір нығмет деп түсіну керек.
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде ата-анаға құрмет жайлы былай дейді:
«وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَ قُلْ رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيٰنِىْ صَغِيرًا»
«Олардың алдында мойынсұну қанатын мейірімменен жайып: «Раббым! Олар мені кішкентайымнан тәрбиелегендері үшін оларды мейіріміңе бөлей гөр, – деп айт».
Осылайша, қасиетті Құран кітабымызда кімге көбірек жақсылық қылу керектігі, соның есесі нендей болатындығы, және ардақты ата-аналарымызға қандай дұға қылған абзал екендігіне дейін барлығы айтылған.
Әке мен ана – адамның өміріндегі ең маңызды тұлғалар. Әрқайсымыздың дүниеге келуімізге Аллаһ Тағала оларды себеп қылып, жауапкершілік берді. Және де бізді тәрбиелегенде олар көптеген қиыншылықтардан өтеді.
Ислам – мейірім мен сүйіспеншіліктің діні, әрі Раббымыз бізге ең көркем мінез, қарым-қатынас пен ең жақсы амалдар қылуымызды бұйырды. Соның ішінде де осыған көбірек лайықты жандар – сөзсіз ата-аналар. Аллаһ Тағала баршамызға ата-анамыздың разылығын алуды нәсіп қылсын.
Әмин!
Алмат ҚАРТАБАЕВ,
Мақат аудандық орталық мешітінің
наиб имамы.