Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен Атырау облысы имамдарының алқалы жиыны өтті. Басқосуға қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары қатысты.
Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында жүзеге асырылатын негізгі бағыттар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасы мен ҚМДБ-ның алдағы жылға арналған жұмыс жоспары да таныстырылды. Атап айтқанда, ихсан мен насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр мен отбасы құндылықтарын нығайту, сондай-ақ жат діни ағымдардан сақтандыру бойынша жыл бойы атқарылатын жұмыс жоспарлары имамдарға ұсынылды.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының өз сөзінде:
«Биылғы “Ислам және адал қоғам” жылы аясында жұмысымызды жүйелі түрде жүргізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Имам – тек мешіт қызметкері ғана емес, ол қоғамның рухани тәрбиешісі. Сондықтан ихсан мен насихатты күшейту, діни сауаттылықты арттыру, дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттау және жат діни ағымдардың алдын алу бағыттарында нақты әрі нәтижелі жұмыс атқаруымыз қажет. Әр мешіт ел бірлігі мен рухани тұрақтылықтың тірегіне айналуы тиіс»,- деп атап өтті.
Сонымен қатар, жиынға Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы да қатысып, биылғы жылы жергілікті әкімдік тарапынан дін қызметкерлерімен бірге атқарылатын жұмыстардың жоспары мен бағытына тоқталды.
Жиын қорытындысында облыстың имамдары бекітілген жоспарларды жыл бойы жүйелі орындау міндетін алды.





















