Исламдық оқу дәстүрінің Еуропадағы ізі

Орта ғасырдағы Батыс Еуропа ғылымының дамуында Андалусиядағы ислам өркениетінің ықпалы ерекше болды. Мұсылман Испаниясында гүлденген Кордова, Гранада, Севилья және Толедо сияқты қалалар ғылыми ізденістің басты орталықтарына айналды. Осы жерлерден шыққан ғылыми еңбектер латын тіліне аударылып, бүкіл Еуропаға тарады. Сол білімді алып, өз елдеріне жеткізген еуропалық ойшылдардың бірі – ағылшын ғалымы Даниэл Морли (Daniel of Morley).

Даниэл Морли шамамен XII ғасырдың ортасында Англиядағы Норфолкте дүниеге келген. Жастайынан ғылымға құштарлық танытқан ол білім алу мақсатында сол кездегі ең беделді оқу орны – Париж университетіне аттанды. Алайда ол Париждегі оқытудың үстірттігіне көңілі толмайды. Кейін өзінің шығармасында: “Олар (Париж ұстаздары) бос даулар мен пайдасыз пікірталастарға уақыттарын зая кетірді” – деп жазады.
Сондықтан ол нақты ғылымды іздеп, Андалусияға қарай бет алды. Ол заманда Толедо қаласы мұсылман, христиан және еврей ғалымдарының басын қосқан үлкен мәдениет орталығы еді. Әсіресе, араб тіліндегі философия, медицина, астрономия және математика саласындағы еңбектер латын тіліне дәл осы қалада аударылып жатты.

Ислам оқу ордаларынан алған ілімі

Морли Толедода мұсылман ғалымдарының еңбектерімен терең танысады. Оның шығармаларында Ибн Сина (Авиценна), Ибн Рушд (Аверроэс), әл-Ғазали, әл-Фараби, әл-Хорезми сияқты ойшылдардың ықпалы айқын көрінеді. Ол әсіресе астрономия мен космологияға ден қойып, жұлдыздардың қозғалысы мен әлемнің құрылымы туралы исламдық түсініктерді үйренді.
Ол өзінің еңбектерінде жаратылысты зерттеу, ақыл мен тәжірибені қатар қолдану қажеттігін айтады. Бұл – ислам философиясына тән ғылыми әдіс еді. Яғни, Даниэл Морли Еуропада сол дәуірде үстем болған тек діни догмаларға сүйенген түсініктерді сынға алып, мұсылмандық рационалды ойлаудың үлгісін көрсетті.

«Liber de naturis superiorum et inferiorum» еңбегі

Морлидің ең маңызды шығармасы – «Жоғарғы және төменгі нәрселердің табиғаты туралы кітап». Бұл еңбекте ол ғаламның құрылымын, жұлдыздар қозғалысын, табиғи құбылыстардың себеп-салдарын түсіндіреді. Еңбектің мазмұнында ислам ғылымының ықпалы айқын байқалады:
Астрономияда – әл-Баттани мен Ибн Рушд идеялары,
Философияда – әл-Фараби мен Ибн Синаның көзқарастары,
Космологияда – ислам теологтарының «ғалам – Құдай жаратқан тәртіпті жүйе» деген тұжырымдары көрінеді.
Бұл еңбек Англиядағы және кейінгі Еуропадағы оқу орындарына ықпал етіп, ислам ғылымының жаңалықтарын Батысқа жеткізді.

Ержан Қағазғалиев «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы