Биыл Миғраж түні ақпан айының 7-сінен 8-іне қараған түніне сәйкес келеді.
Ережеп (Ражаб) – Ислам дініндегі қасиетті төрт айдың бірі. «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл ай жайында: «Алланың құзырында айлардың саны – он екі. Көктер мен жерді жаратқан күні Алланың Кітабында (Ләух махфузда) (солай жазылған). Олардың төртеуі – қасиетті айлар. Осы – тұп-тура дін. Ендеше соларда (сол айларда) өз-өздеріңе зұлымдық жасамаңдар», – деген («Тәубе» сүресі, 36-аят).
Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Көпшілік ғалымдар Исра және Миғраж оқиғасы Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні болатынына тоқтайды. Исра «түнгі сапар» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне Исра (түнгі сапар) жасады. Бұл оқиға жайлы Алла Тағала «Исра» сүресінде: «Құлын (Мұхаммед) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада). Ол – Самиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін де көруші)».
Миғраж «жоғары көтерілу» деген мағынаны білдіреді. Яғни Пайғамбарымыз (оған Алланыңсалауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен бірге жеті қат көкке көтерілді. Барлық пайғамбарлармен кездесті, осы түні бес уақыт намаз парыз етілді. Ең алдымен осы оқиғадан бұрын Пайғамбарымыздың ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басынан өткен кейбір жағдайларға тоқталайық:
Мұсылман адам ешқашан үміт үзбеуі керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде адамдарды Исламға шақырғанымен нәтижелі бола қоймаған соң Тайф қаласына барады. Сол секілді мұсылман адам егер жұмысы бір жерде жүрмей жатса, басқа жер іздеуі қажет. Яғни үмітін үзбеуі керек. Үмітсіздік күпірлікке жетелейді. Алла Тағала бұл жайында: «(Бірде Жақып ұлдарын Мысыр еліне аттандырып): «Уа, ұлдарым! (Мысырға) барыңдар да, Жүсіп пен інісінің хабарын сұрастырыңдар. Алланың рақымынан күдер үзбеңдер! Шынында, Алланың рақымынан тек кәпір қауым ғана күдер үзеді», – деді («Жүсіп» сүресі, 87-аят).
Алла Тағаладан жәрдем сұрау қажет. Исра оқиғасынан бұрын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Тайф қаласына барып, қала халқын Алланың дініне шақырды. Алайда олар Мекке халқынан да сорақы әрекетке барып, жындыларға, жас балаларға, құлдарға Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таспен ұруға бұйырды. Алла елшісінің үсті-басы қан болып, аяқ киімі қанға толды. Сол уақытта ол бір Аллаға ғана арқа сүйеп, жәрдем тіледі. Себебі Алла Тағала Құранда: «(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, Өзіне дұға еткен қысылған жанның дұға-тілегін қабыл алып, оны басына түскен ауыртпалықтан құтқаратын, сендерді (жер бетін көркейтсін һәм ондағы жүйеге, жаратылыс мақсатына сай өмір сүрсін деп) жер бетінің халифалары қылған (Алла) қайырлы ма? Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, өздерің неткен аз ойланатын, ғибрат алайын демейтін адамсыңдар», – деген болатын («Нәміл» сүресі, 62-аят). Өкінішке қарай біз бүгінде мал-дүниемізге, ақылымызға, білімімізге, кейбір адамдарға арқа сүйейміз. Кім ақылына сүйенсе адасады, біліміне сүйенсе бір күні жаңылысады, байлығына сүйенсе таусылады, адамдарға сүйенсе зерігеді. Ал кімде-кім Аллаға сүйенсе, адаспайды да, зерікпейді.
Күші жетіп тұрғанда кешіру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Тайфтан шығып, дұға етіп тұрғанда тау періштесі келіп: «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), маған бұйыр! Қаласаң екі тауды үстеріне төңкерейін», – деді. Пайғамбарымыз: «Олай жасама. Мүмкін Алла Тағала олардың ұрпақтарынан Аллаға құлшылық ететіндерді шығарар», – деді. Өкінішке қарай қазіргі уақытта кешіру былай тұрсын, бір-бірімізден өш алу үшін мүмкіндік іздейміз. Алла Тағала: «Кім кешірім жасап, бітімге келсе, оның сыйы Аллаға міндет», – деген («Шура» сүресі, 40-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккені алған уақытта оған қарсы шыққан, дұшпандық қылған адамдар болды. Алла елшісі оларды жазалауға күші жетіп тұрса да, бәрін кешірді. Сондықтан жазалауға күші жетіп тұрып, кешіру – әлсіздік емес, әр мұсылманның бойынан табылуға тиіс сипат.
Біз өзімізге Исра кешінен мынадай сабақтар алуымызға болады:
1. Маңызды шаруадан алдын күнә-қателіктерден арылу қажет. Ислам тарихында Исра мен Миғраж ең маңызды оқиғалардың бірі саналады. Сондықтан да Исра кешінен бұрын Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да көкірегін жарып, тазалаған еді. Ал біз шынайы тәубе арқылы ғана күнә-қателіктерден тазалана аламыз. Өйткені шынайы тәубе ету күнәларды кешіріп, Аллаға жақындатады.
2. Әр нәрсенің себебін жасау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бураққа (түнде жеті қат көкке көтеріліп, Алланың алдына апарған және қасиетті Иерусалим қаласына сапар шеккенде мінген қасиетті қанатты жануар) мінді. Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бурақсыз да апара алады. Алайда себебін жасады. Сондықтан біз де әр істің себебін жасап барып, Аллаға тәуекел етуіміз керек. Өйткені себебін жасау – Аллаға тәуекел етудің әуелгі қадамы. Түйесін қазыққа байламай, бос қоя беріп «Аллаға тәуекел еттім» деген бір кісіге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алдымен түйеңді байла, содан кейін ғана тәуекел ет», – деген. Сол секілді Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бурақты көліктерді байлайтын жерге байлады. Бурақ бойсұнуға бұйырылғандықтан, оны байламай-ақ орнынан қозғалмайды. Алайда әр нәрсенің себебін жасау – уәжіп. Мысалы, жатар алдында есікті құлыптау, терезені жабу, т.б.
3. Ислам үмбетінің орны. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті – үмбеттердің ең қайырлысы. Оған дәлелдер көп. Соның бірі – Алла елшісінің барлық пайғамбарларға имамдық қылуы.
4 Қонақты құрметтеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқып болған соң, шөлдеп тұрғанын сезді. Сол кезде Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шөлін басу үшін Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) құрмет қылып, бірінде – сүт, екіншісінде су бар екі ыдысты әкелді. Пайғамбарымыз сүтті таңдады. Сол себептен де Алла елшісі хадистерінде Аллаға, ақырет күніне иман келтірумен қатар, қонақты құрметтеуді де қосып айтады. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген. Қазіргі уақытта кейбіріміз үйге қонақ келсе, ашуланып, қиналып жатамыз. Сараңдық – жаман сипат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сараңдықтан сақтауды сұраған.
Ал Миғраж оқиғасынан төмендегідей сабақтар аламыз:
1. Өзіне қатысы жоқ іске кіріспеу. Миғраж кезінде Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) барлық адамзатқа дәріс беріп, Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ары қарай барудан бас тартып, Сидратул мунтаһада қалды. Алла елшісі Жәбірейілге: «Дос досын осы жерде тастай ма?» – дегенде: «Мен ары қарай бара алмаймын. Маған осы жерге дейін келуге рұқсат берілді», – деді. Біз қазіргі таңда өзімізге қатысы жоқ шаруаға кірісіп кете береміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамның дінінің кәміл болғаны – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастағаны», – деген.
2. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың хабибі, пайғамбарлардың мырзасы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ары қарай жолын жалғастырды. Алламен сөйлесіп: «Мен Сенен сұраушымын», – деді. Алла сұрауға рұқсат бергенде: «Ибраһимді халил қылдың, Мұсамен сөйлестің, Исаны рухыңнан жараттың, Ыдырысты ұлы бір орынға шығардың, Сүлейменге байлық бердің», – дейді. Сонда Алла Тағала: «Ибраһимді халил (досым) қылсам, Сені хабибім (сүйіктім) қылдым. Менің алдымда хабибтің дәрежесі халилдан жоғары. Мұсамен перденің артынан сөйлессем, Сенімен ешқандай пердесіз сөйлесіп жатырмын. Ыдырысты төртінші қабатқа көтерсем, Сені бұрын ешкім жетпеген, келмеген орынға әкелдім. Сенен кейін де бұл орынға ешкім келмейді. Сүлейменге ұлы патшалық берсем, Саған жерді мешіт әрі таза етіп бердім. Исаны рухымнан жаратсам, Саған есімімнен болған бір есімді бердім. Қай кезде Менің атым айтылса, Сенің есімің Менімен бірге айтылады», – деді.
3. Миғраж кеші он кезеңді қамтиды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет жасағаннан кейін он жыл өмір сүрді. Осы Миғраж оқиғасындағы он кезеңді Алла елшісінің һижрадан кейінгі он жылымен ұштастырса болады.
Бірінші кезең. Ең алғашқы аспан қабатында Адам Атаны (оған Алланың сәлемі болсын) кездестірді. Ол – адамзаттың жер бетіндегі ең әуелгісі. Оның балалары жер бетінде өмір сүріп, жерді гүлдендірді. Сол сияқты һижраның бірінші жылы аңсарлар да Мәдина қаласын Ислам дінімен гүлдендірді. Осы шаһарда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам мемлекетінің негізін қалады.
Екінші кезең. Екінші аспан қабатында Исаны (оған Алланың сәлемі болсын) көрді. Ол қиыншылықтарға қарсы күресу үшін жанына жәрдемшілер алған болатын. Сол сияқты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да һижраның екінші жылы Аус және Хазраж тайпаларын мұсылмандарға көмектесуге шақырып, Бәдір соғысына бірге шығуын сұрады. Алла Тағала бұл жайында Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Мәриямұлы Исаның хауарилерге: «Аллаға (шақыруда) менің жәрдемшілерім кімдер?» – деген кезде, хауарилердің «Біз Алланың жәрдемшілеріміз», – дегені сияқты сендер де (Алланың діні мен елшісінің) жәрдемшілері болыңдар», – деген («Сафф» сүресі, 14-аят).
Үшінші кезең. Үшінші аспанда Жүсіпті (оған Алланың сәлемі болсын) кездестірді. Біз Жүсіптің қаншама қиыншылық пен ауыртпашылықты басынан өткізгенін білеміз. Бала кезінде құдыққа тасталды, жігіт жасында жала жабылып, түрмеге қамалды. Сол сияқты һижраның үшінші жылы мұсылмандарға көптеген қиындықтар келді. Соның үлкені – Ухуд соғысы. Алла Тағала Құранда: «Және (күресте) әлсіздік танытпаңдар да әрі (жеңіліске) қайғырмаңдар, сендер (бүкіл үмбеттен) үстемсіңдер, егер (шынайы) мүмин болсаңдар», – деген («Әли Имран» сүресі, 139-аят).
Төртінші кезең. Төртінші аспанда Ыдырыспен (оған Алланың сәлемі болсын) кездесті. Ол қаламды ең бірінші қолданып, есептің негізін салған пайғамбар. Сол сияқты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) һижраның төртінші жылы бірнеше елдің патшаларына хат жазып, Ислам дініне шақырды. Хаттарға сақинамен мөр басып отырды.
Бесінші кезең. Бесінші аспанда Һарунды (оған Алланың сәлемі болсын) жолықтырды. Мұса оны Бани Исрайлмен тастап кеткенде, олар оған зиян тигізіп, өлтіруге әрекет жасады. Уәдені бұзып, бұзауға табынып кетті. Алла Тағала олардың тәубесін өлтірумен ғана қабыл етті. Сол сияқты һижраның бесінші жылында соғыста яһудилер ахзаб (жасақтар) келіп тұрғанда, мұсылмандарға қиянат жасады. Сол себепті, Сағд бин Муғаз оларды өлім жазасына кесті.
Алтыншы кезең. Алтыншы аспанда Мұсамен (оған Алланың сәлемі болсын) жолықты. Ол Бану Исрайлдің Алланың шариғатын ұстанбағаны себепті олармен бірге жаман қылықтарына шыдап, шөлде қырық жыл адасып жүрген еді. Сол сияқты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да мүшіріктер озбырлық жасап, Меккеге кіргізбей ұмра жасауына рұқсат бермей қойды.
Жетінші кезең. Жетінші аспанда Ибраһиммен (оған Алланың сәлемі болсын) жолықты. Ол – Харам мешітін салған, адамдарды қажылыққа шақырған пайғамбар. Сол сияқты һижраның жетінші жылы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұмрасын орындап, Меккеге кірді.
Сегізінші кезең. Сидратул Мунтаһа. Онымен аспан әлемі аяқталады. Һижраның сегізінші жылы Мекке фатх қылынды.
Тоғызыншы кезең. Қаламдардың тағдырларды жазып, сиялары кепкен кез. Сол сияқты һижраның тоғызыншы жылы Ислам күшейе түсіп, рүкіндері бекіген еді.
Оныншы кезең. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алламен сөйлесті. һижраның оныншы жылы дүниеден өтіп, Алламен жолықты.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №2, 2023 жыл