Кешірімділік – тақуалықтың белгісі

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! 

Мұсылман адамның бойында болуы керек болған ізгі сипаттардың бірі – кешірімділік. Өмірде кемшіліксіз адам болмайтындығын ескеретін болсақ, отбасы мүшелерінің, туыстардың, дос-жарандардың, қызметтес адамдардың қарым-қатынасында осы кешірімділік сипаты аса қажет. Себебі, адамдардың теріс мінез-құлықтарына сабыр ету, кешіріммен қарау адами байланысты үзіп алмас үшін аса маңызды.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресі, 43-аятында Алла Тағала :

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан.

Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деу арқылы, ренжісті ұзаққа созбай, тезірек кешірісудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.

«Кешіре білу» екі ғана сөзден тұратын, атқаруға оңай іс болып көрінгенімен, кешіру керекті болған жағдайға тап болғанда, адам нәпсісіне өте ауыр келеді. Себебі, мұндай жағдайға тап болғанымызда нәпсіміз бізді терең ойландырмауға тырысып бағып, жүрегімізде ренжіген адамымымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде Алланың разылығын ойлап, Оның кешірімін үміт ете отыра, өзгенің қателігін кешіре білу – үлкен іс.

Бойында кешірімділік сынды асыл сипаттың болуын қалаған адам мына істерге мән бергені дұрыс:

Бірінші,  кешірімді болу – Алла Тағаланың бұйрығы екендігін ұмытпау

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында:
«Кешірімділік жолын ұстан, құпталғанға (ғұрыпқа) бұйыр және надандардан теріс бұрыл», – деп бұйырған. Алла Тағаланың кешірімділікті бұйрық түрде айтуы – бұл сипаттың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 13-аятында қандай жәбір көрсе де, кешірімділікті серік етуін бұйырып:

«Сен олардың өте азынан басқасының қиянаткерліктерін әрқашан көресің. Дегенмен, оларды кешірім ет, көңіліңе алма. Расында Алла ізгілік істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан.

Усама Ибн Зайд (Алла оған разы болсын): «Алла Тағаланың елшісі ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның сахабалары мүшріктер мен кітап иелеріне Алла Тағала әмір еткендей кешірімділік танытып, көрсеткен жәбірлеріне сабырлық ететін», – дейді.

Екінші, адам баласын кешіру – Алла Тағаланың кешіріміне себеп болатынын білу

Адамдардың қателігіне көз жұмып, оларды кешіре білу – қиямет күні Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге алып келетін сипат. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 2-аятында Алла Тағала:
«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.

Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейін ренжісіп қалған екен. Сонда Хусейін ағасы Хасанға өзінен кешірім сұрауын өтініп, хат жазып жібереді.

Бұл хатты оқыған Хасан сәл шамданып, інісіне: «Сен менен жасың кіші, өзің кешірім сұра» деп қайта хат жазып жібереді. Сонда інісі: «Асыл ағатайым менің! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болуыңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды қалап, бірінші болып кешірім сұрауыңызды өтініп едім» деп, қайта хат жазған екен.

Інісінің жазған бұл хатын оқығанда Хасанның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, інісі Хусейінге барып: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені, інішегім» деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен.

Үшінші, ренжіскен жағдайда қателікті өз бойынан іздеу.

Адам нәпсісіне сүйікті болған істердің бірі – өзін ақтап, өзгені айыптау. Осы себепті де екі адам ренжіскен уақытта көбіне екеуі де қателікті бір-бірінен көріп, өз қателігіне мән бермей жатады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 105-аятында:

«Уа, мүминдер! Сендер өздеріңді түзетулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге зиян тигізе алмайды. Барлықтарыңның барар жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнің хабарын береді», – деп, иман келтірген жандарға қателікті ең бірінші өз бойларынан іздеуді бұйырған.

Бір ғалым адамға жұрттың барлығына ренжи беретін, бір өкпешіл адам келіп, өзінің бұл дертінің себебін сұрағанда, ғалым оған: «Өз күнәңды түйедей – деп санайсың, өзгенікін түймедейге балайсың» деген екен.

Осыған ұқсас Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да:

Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше! – деп айтқан.

Сол себепті де мұсылман адам қандай да бір реніш туындай қалған жағдайда, оның себебін бірінші өз бойынан іздеп, өзіне: «Мен бір нәрсені дұрыс жасамадым ба?» немесе «Менен қандай қателік кетті?» делінген сұрақтарды қойып, ол қателіктерді бойынан тапқан жағдайда, тәкаппарлықтан ада болып, ренжіскен адамынан бірінші болып кешірім сұрауға тырысуы қажет.

Бұл – нағыз мүминге тән көркем сипат. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Ендеше сен  (ел-жұрттың қатесін қиянатын) көркем түрде кешір», – деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала кешірімге қатысты «Көркем түрде кешіру» деген ұғымды айтқан.

Оны ғалымдарымыз: «Көркем түрде кешіру – қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның айыбын ашу, тәкаппарлық жасау, артық сөз айту, жек көру сынды адам баласының мінезіне жат істерден ада болуды айтады», – деп түсіндерген.

Кешірімділік – бұл дүниеде ғана емес, адамның екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, қияметте мол сауапқа кенелуіне себепші болатын амалдың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады», – деп айтқан.

Алла Тағала баршамызды Өзінің кешірімі мен рақымына бөлегей! Қасиетті жұма күніміз мүбәрәк болып, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!

Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,

«Сарайшық селолық мұсылмандар» мешітінің имамы.