Ислам дінінде кісі ақысына қатты мән беріліп, тіпті ширктен (Аллаға серік қосу) кейінгі кешірілмейтін күнәлардың қатарына жатқызылған.
Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алланың да кешірмейтіні айтылған.
Сол үшін халқымыз ұрпақ тәрбиесінде де осыған мән беріп, ешкімнің ала жібін аттамауды балаларының құлағына құйып өсірген. Кісі ақысының өте үлкен күнә екенін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кім бір қарыс топырақты зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі»;
«Кімде-кім бір мұсылманның ақысын жесе, Алла оған тозақты уәжіп, пейішті харам етеді». «Мұсылман бауырыңыздың ақысын жеу халал емес…», − деп ескерткен.
Осы хадис бойынша Бұқар жырау: Іштегі сыр Аллаға мәлім, Сыртыңдағы қулығың Амал емей немене. Кісі ақысын көп жеген Арам емей немене, – дейді. Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Кімде бір мұсылман бауырының өзіне немесе бір нәрсесіне жасаған қиянаты бар болса, динарлар мен дирхамдар табылмайтын күн (ақырет күні) келмей тұрып, одан кешірім сұрасын. Әйтпесе, егер жақсы амалы бар болса жасаған қиянатының мөлшерінде оның сауабынан алынып жәбірленген адамға беріледі. Егер жақсы амалы жоқ болса жәбірленушінің жаман әрекеттері алынып оның мойнына жүктеледі» – дейді.
Осы хадистің мағынасына сәйкес халқымыз былай деген: Момынның зар жылатып малын жейсің, Жүресің ақыретте уайым жеп… Момынның зар жылатып малын жейсің, Білмейсің иманыңнан төлеріңді; Қазақ билері де төрелігін сұрап келген халықтың дау-дамайын, келіспеушіліктерін шешер кезде Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйеніп отырған. Мысалы Хақ Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жоғарыдағы хадистеріне сүйеніп Орманбет би: Біреудің ақысына зорлық қылған Қиянат қияметте жаман деген, – десе, атақты Төле би: Қор болмасты ойласаң Мүсәпірдің қақын бер, – деп төрелігін айтады.
Жалпы халқымыз кісі ақысын жеуден қатты сақтанып, кейінгі ұрпаққа хазірет Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйренгендерін өсиет ет- кен.
Оларға: Кісінің, менше, балам, хақын жеме, Түбінде жарамайды жегіш неме; Ешкімнің қақын жемеңдер, Артында оның сұрақ бар; Жақсыны алыс, жаманды жақсы деме, Жақсы атансаң біреудің қақын жеме, Жақсымын деп біреудің қақын жесе, Жаман адам сол болар, мақұл деме;
Біреудің хақын жеме жалғыз тиын,
Тергеуде де адамның ақы қиын.
Сені жоқтан құдая бар еткізді,
Ендеше, соған табын, соған сиын;
Сен өзің Әжібайдан туып едің,
Жасыңнан жамандыққа жуық едің.
Қияметте қайтесің кісі ақысын,
Зар жылатып талайды қуып жедің, − деп ескерткен.
Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мұсылманға зиянын тигізген немесе алдаған адам Алланың лағнетіне ұшырайды», − деген. Осы хадистің мағынасына орай халқымыз өздерін алдаған молдаларды сынап:
«Арамза, аңқау елге молда» болып,
Амалдан алып жүрсің пұл-зияпат.
Бергені қазағымның зайғы кетпес,
Ықыласы бір құдайға, қылса мехнат.
Өтірік «қожамын» деп алған нәрсең,
Түбінде шаян болып сені шағад, – десе, енді бірде:
Алдап алған малыңның
Есебіне жете алмай,
Қалтырарсың,
Ешенім,
Қыл көпірден өте алмай,
Жөніңе көш,
Ешенім,
Тозаққа қарай бет алмай, – деп оларға әділ ескертулер жасаған.
Адам ақысының бірі – пара жеу. Бұл туралы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уаллаһи, сіздерден біреуіңіз алуға ақысы жоқ бола тұра бір нәрсені (пара) алса, қиямет күні Алланың алдына соны жүктеніп барады», − деген.
Халқымыз: Қорықсаң ақыреттен жеме пара,
Екеу жоқ ақыретте жүрер дара,
Дүниенің қызығына алданам деп,
Болмаңдар ақыретте жүзі қара
Жолшора, өзің қажы, әкең Анай,
Параны бұрын беріп, жедің талай.
Алдыңда жеті тамық, сегіз ұжмақ
Қайсысына кірерің екі талай, − деп ой түйген.
Екі дүние Сәруары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Халық арасында үкім берген ешкім жоқ, оның мойнынан қиямет күні періште жетектеп алып келмесін. Сосын періште жоғары қарайды. Егер періштеге «оны лақтыр» десе, періште оны жәһәннамның түбіне қарай лақтырады, тіпті ол жәһәннамның түбіне 40 жылда әрең барады,» – деген.
Хадис кітаптарында Пайғамбарымыздың пара алған және пара берген адамдарға лағнет айтқаны баяндалған. Сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәлімін жақсы меңгерген қазекем:
Өлсең де қабіріңде тек жатпайсың,
Төре беріп біреуден пара жесең…
Төре беріп біреуден пара жесең,
Қияметте жоқ дейді биден азған
Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Ақырет қамын іздеңдер,
Жанға бетті кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар,
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы пайғамбар, − деп жырлайды.
Пайғамбарымыз басшының әділ болуына байла- нысты: «Алла егер бір адамға бір қауымды басқаруды беріп, әлгі адам ол қауымға қиянат еткен күйінше қайтыс болса, Аллаһ оған жаннатты харам етеді», − десе, бұл дәстүрді бойына сіңірген аталарымыз:
Қылышбай, би болыпсың алпыс бесте,
Құданың құдіреті күшті емес пе?!
Төреңді түзу бермей, қисық берсең,
Мақшарда тартыларсың темір іске, − деп ақыреттегі азаптан сақтануға шақырады.
Бір хадисте: «Қазылар үшке бөлінеді: екеуі тозаққа, біреуі пейішке кіреді. Біле тұра бұрыс үкім берген қазы тозақтық. Білмесе де үкім берген және осы үкімімен адамдардың хұқығын аяққа таптаған қазы да тозақта. Дұрыс үкім берген қазы ғана пейіште болады», − деп айтылған.
Қазақ даласында бір кездері билер қазылардың рөлін атқарған. Сол үшін жоғарыдағы хадистің үкімі билерге де тиесілі. Міне, осыны ескерген ақындарымыз хадистің мәніне терең бойлай түсіп: Әділдік екі жаһанда бірдей жақсы, Ұжмақтың көрер деген райысын. Дүниеде хакім болып, ғаділ болса, Кешірер деген сөз бар күнәйісін, – дейді.
Хазірет Пайғамбарымыздың тағы бір хадис шәріфінде: «Әділетпен істерін жүргізген кісілер Алланың құзырында нұрдан жасалған орындықтарда отырады. Олар үкім берген кезде отбасындағыларға да, қол астындағыларға да әділетпен қарайды», − делінген.
Осыған орай өз ойын өрнектей отырып, әділ басшыларды Қаңлы Жүсіп: Халықтың адал ұлы басшы болса, Бір Алла жүреді оны желеп-жебеп. Адамдық – ең керегі барлық жанға, − деп суреттейді.
Ардақты Елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Әлиді Йеменге қазы етіп тағайындаған кезінде оған қазылар жұмысының мәні жайлы былай дейді: «Алла өзі жүрегіңді туралыққа жетелейді, сөздеріңді де дәлелді етеді. Қасыңа бір-біріне қас екі адам келген кезде біріншісін тыңдағаның секілді екіншісін де тыңдамастан үкім берме. Тура үкім беру үшін осылай әрекет етуің қажет», − деп ескерткен.
Пайғамбарымыздың осы өсиетін халыққа Әубәкір Кердері ақын: Би болмас білгені елге жарамаса, Пақырды, міскінменен жараласа. Халалдың харамменен шегін ашып, Несі би, ғаділ тұрып қарамаса, − деп жеткізген.
Ержан ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
“Сұлтан Бейбарыс» мешітінің азаншысы.