Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында «Ержан хазірет» мешітінің ашылуы рәсімі өтті.
Игі шараға Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен Қазақстанның батыс өңірі ақсақалдары да қатысты. Құлшылық үйінің ашылуында сөз алған Бас мүфти мешіттің мәні туралы айта келіп, мешіт салудың мол сауабы бар екенін атап өтті.
«Жаңа мешітке есімі берілген Ержан хазірет Маңғыстау өңіріне ғана емес, барша қазақ топырағына дін Исламның діңгегін қадаған, асыл дініміздің аясын кеңіткен дін қайраткері болды. Ол Бұқарада білім алып келіп, Бекет атаның жолын жалғап, бар ғұмырын ұрпаққа білім беруге арнады.
Мешіт ашып, бала оқытты. Жастарға тәлім-тәрбие берді, оларды имандылыққа, адамгершілікке баулыды. Алайда кеңестік жүйе хазіретті қуғындап, зәбір көрсетті. Бүгінде есімі елге жайылып, мешіт атын иеленіп отыр. Алла Тағала осы мешіттің бойы көтеруіне себепкер болған барша азаматтарға сауаптан жазсын!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти бүгінде мешіттердің қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орынға айналғанын, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалатынын алға тартты.
«Жаңа мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналады деген ойдамыз. Сонымен қатар жаңа мешітіміз салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы әрі қайырымдылықтың орталығы болады деп сенеміз. Алла соған жеткізгей!» деді ҚМДБ Төрағасы.
Бас мүфти бұйрығымен жаңа мешіттің имамы болып бұған дейін Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы қызметін атқарған Асқар Ахлиддин тағайындалды. ҚМДБ Төрағасы имамды жамағатқа таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.