Мешіт – мұсылмандар мекені

Алла Тағаланың мұсылман үмметіне жіберген асыл діні – ислам. Ал, мешіт ислам дінінің символы іспеттес.

Күллі мұсылман қауымының жаратушы Жаббар иеге бас иіп, сәжде ететін қасиетті мекен. Дұғалар қабыл болатын ұлық жер. Аллаһ тағаланың қорғауында болған киелі жер. Қасиетті құран оқылатын, әуезді азан шақырылатын мүбарак орын. Мешітке келген әрбір мұсылманға әжір-әжір сауап дайындалған. Әр қадамға бір сауаптан бар екендігі хадис шәріптерде айтылады. Осындай қасиетті мекен еліміздің әрбір қаласында бар. Ол да Аллаһ тағаланың берген үлкен нығметі.

Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор ауылында да екі мешіт орын алған. Сол екі мешіттің біреуі Доссор мұсылмандар мешіті. Бұл мешіт еліміздің тәуелсіздік алған жылдары пайдалануға берілген. Мешіт ғимараты жергілікті басшылардың қолдауымен қайта жаңартылып, есігін ауыл мұсылмандарына айқара ашты. Мешіт ауласында бой түзеген терек ,талдар бар.

Доссор мұсылмандар мешіті Құлсары-Атырау тас жолының бойында орналасқандықтан, жолаушылап жүрген мұсылман жамағатына да құлшылық орындауға ыңғайлы орын болып табылады. Мешітте бес уақыт намаз, жұма намазы, айт намаздары оқылады. Жазғы демалыс айларында құран бойынша тәжуйд сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ кез-келген уақытта мешіт имамдары жергілікті жамағаттың құрани сауатын ашуға бар күштерін салып отырады.  «Мешіт – жамағатымен көрікті» демекші ай сайын жамағаттар бас қосып, уағыз-насихат қылысады. Мешіт жұмыстарына да атсалысып, қолдан келген көмектерін аямайды.

Мешіт туралы айтар ой, сөйлер сөз жеткілікті. Алайда Аллаһ тағаланың осындай берген нығметін айтып тауысу мүмкін емес. Мешітке келген әрбір мүмін мұсылман өзіне рухани азық алып қуаттанып қайтады. Хазіреті пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадис – хабарларының бірінде «Қияметте Аллаһтың саясында болатын жеті адамның біреуі – мешітке жүрегі байланған адам» делінген. Әрине күллі мұсылман қияметтің боларына сенеді, соған амал етеді. Және ол күннің соншалық ауыр екендігін де біледі. Ендеше бәрімізге Аллаһ тағаланың саясында болу бақыты  бұйырсын деп тілеймін.

Самат КҮБІРБАЕВ,

Доссор мұсылмандар мешітінің азаншысы, Мақат ауданы.