Мешіт салудың сауабы

Адам өмірінде сауабы үзілмейтін сауапты істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Дүние тіршілігінде  пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды.

 Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол. Сондай шексіз сауаптың бірі – халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салудың қатарында мешіт салу. Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын,  арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінажат үйі.

Ал, мешіттің жанынан діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы. «Мешіт» сөзінің қазақ тіліндегі қолданысы мен мән-мағынасы «сәжде», «құлшылық жасайтын орын» деген ұғымдарды білдіреді. Шариғи тұрғыдан «Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымға саяды.

Мешітке ниет етіп шыққан кісінің және мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Мешітке келген қауым – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтыны тағы бар.

Міне, осындай екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» Жалпы, мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды мақсат етеді.

Елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ниетті жандар қаламыздың іргелерінде қарқынды жүріп жатқан мешіт құрылыстарына мүмкіндігінше қол ұшын беріп, сауаптан үлес алуға мүмкіндігі мол.

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

«Жылыой мұсылмандар» мешітінің ұстазы.