Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде «Соңғы үкім» фильмін тамашалады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ерен еңбегін, қазақтың келешегі үшін отқа да, суға да түскен күреске толы ғұмырын бейнелеген кино жуырда ғана көрермендерге жол тартқан болатын.
«Бұл кино – елдің рухын көтеретін, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін мән-мағынасы зор фильм. Ата-бабаларымыз Тәуелсіздік үшін қасық қаны қалғанша, айқасып, күресті. Олар ұрпағының болашағы үшін жанын құрбан етіп, шәһит болды. Дінімізде шәһиттер өлмейді, мәңгі тірі саналады. Сондықтан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді бабаларымыз мәңгі тірі.
Олардың идеясы, қазақ елінің егемендегі жолында жасаған еңбегі өлмейді. Сол арыстардың арқасында біз осындай кең байтақ, Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан олардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштаймыз, дұға жасаймыз.
Ұлт зиялыларына Алла Фирдаус жәннатын нәсіп етсін. Мұндай фильмдерді жастар, балалар жаппай көру керек. Алаш арыстарының қасиеттері мен еңбегі ұрпаққа үлгі» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.