«Еуропаға 1920 жылы келген бірінші қазақ Мұстафа Шоқайдан бастап, қазіргі қазақ қоғамына дейін». Лондонда осындай тақырыпта ұлт тарихын ұлықтаған ғылыми конференция болып өтті.
Шара аясында «Түрік әлеміне қатысты Кеңес үкіметінің саясаты» атты кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсауы кесіледі, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Әбдіуақап Қараның ата-бабалары – қым-қуыт заманда Алтай өңірінен Түркияға қоныс аударған қазақтар. Бала күнінде ол туған жерінің тарихына терең үңілгісі келіп, ғылымға бет бұрады. Қазір Ыстанбұлдағы Көркемөнер университетінде профессор. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұраларын зерттеп, «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты» атты кітабын жазады. Қазақ, түрік және орыс тілдерінде басып шығарылған еңбегінің бүгін ағылшын тіліндегі аудармасы таныстырылды.
«Мұстафа Шоқай тек Алаш қайраткері ғана емес, ол сонымен қатар әлемдік тұлға. Біз оны дүниежүзіне танытуымыз керек. Тек қана түрік халықтары ғана емес, бүкіл әлем білуі керек. Соның басты құралы ағылшын тілі деп шештік», – дейді Шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қара.
Кейбір деректерге сәйкес Ұлыбританияда Түркиядан қоныс аударған 150-дей қазақ тұрады. Алдыңғы буын ағалары жарты ғасыр бұрын еңбек мигранттары ретінде осында көшіп келген. Қазақша мектеп пен ақпарат жоқ заманда өскенімен, тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді сақтап қалған. Сол үшін өздерін бақытты санайды. Бірақ кейінгі ұрпақ үшін алаңдайды.
«Мектепте балаларымызға ағылшын тарихын үйретіп жатыр. Оларға қазақтың өткені туралы да білуі керек. Асыл мақсатымыз сол. Сол үшін тырысып жатырмыз», – дейді Қазақ-түрік қауымдастығының төрағасы Әбдісәлім Саваш.
Түркия қазақтарының балалары, өкінішке қарай, ана тіліне шорқақ. Түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Өйткені барлығы да ағылшын мектептерінде және жоғарғы оқу орындарында білім алған, ақпарат құралдарын түрік тілінде көреді. Өзара түрікше және ағылшынша түсініседі.
«Мен қазақша сөйлей алмаймын. Елшіліктің ұйымдастырған бірнеше сабағына қатысқаным бар. Бірақ жалғастыра алмадым. Өйткені Түркияда туып-өскен әкемнің өзі қазақша білмейді. Ал анам түрік ұлтынан. Дейтұрғанымен ана тілімді білуге тиіспін деп ойлаймын. Балалы болғаннан кейін олардың да қазақша сөйлегенін қалар едім», – дейді Қазақ-түрік қауымдастығының өкілі Синам Чалышкан.
Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясының тәуелсіздігі жолындағы күресінде мақала жазып, кітап шығарумен қатар, Алаш идеяларын Еуропаның ірі қалаларында да насихаттаған. Парижден Лондонға келіп, ағылшын лордтарының жеке қабылдауында болған. Қазақ-түрік қауымдастығы жас буын өкілдерін ұлт тарихы мен ұлы тұлғаларымыз туралы құнды деректермен таныстыруды жалғастыра бермек.
Дереккөз: Казинформ