Мұсылман әдебін баяндаған хужурот сүресі

Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын! Күллі мадақ бір Аллаға және оның сәлемі мен салауаттары Мұхаммедке болғай!

          Ұлы шариғатымыз мұсылман кісіні жалпы имандылыққа бұйырып қоймайды. Ал, имандылық өз ішіне адам баласына қажетті мәселенің барлығын қамтығандықтан, сол мәселелердің ішінде тек әдеп бөліміне ерекше тоқталып, осы тақырыпқа қатысты шариғат не дейтіні туралы сөз етейік. Әдеп бөліміне қатысты шариғаттың әр қырында, әртүрлі балама сөздермен немесе тікелей мағынада келетін аят-хадистер баршылық.

Солардың ішінде Құранның 49 – сүресі болған «Хужурот» сүресінде әдеп тақырыбына қатысты ерекше сөз қозғалған. Хужурот сүресі реттілігі бойынша Құранның 49 – сүресі болып, 18 аяттан тұрады және Мединеде түскен сүре. Толықтай тәпсіріне тоқталсақ, сөз ұзарып, тақырыптан ауытқып кетерміз. Сондықтан да, бұл сүренің ішінен тек әдепке қатысты тоғыз мәселені айтып кетейік. Ол тоғыз мәселе былай:

  1. Бір істің байыбына бармай тұрып, үкім шығармау.
  2. Жауласқан екі қауымды татуларстыру.
  3. Мұсылмандар арасында өзара бауырмалдықты арттыру.
  4. Өзге адамды жаман лақаб, атаулармен атамау.
  5. Күмәнді ойлардан сақтану.
  6. Кісілердің артына түсіп, оларды аңдымау.
  7. Өзге адамдарды ғайбаттамау.
  8. Баршаға әділетті болу,
  9. Өзге адамды күлкі етпеу.

Ал енді осы тақырыптардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып шығайық. Алғашқысы – Бір істің байыбына бармай тұрып, үкім шығармау. Яғни кез-келген хабарды естіп, оның шын не өтірік екеніне көз жетпей тұрып оған сену және оны басқаға жеткізу, бұл амал адамды адастырып, тіпті қоғам алдында өтірікші, өсекші атануына себепші болады. Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде былай деп айтады: «Кісіге өтірікші болуы үшін, естіген дүниесінің барлығын адамдарға жеткізе беруі жеткілікті»1. Яғни естіген дүниенің рас не өтірігін білмей тұрып, соған қатысты үкім шығарып немесе сол хабарды басқа адамдарға жеткізе берудің өзі-ақ кісінің өтірікші болып қалуына себепші болады.

Екіншісі – Жауласқан екі қауымды татуластыру. Яғни елде тыныштықты сақтау ең үлкен нығметтердің бірі. Алла Тағала Құранда «Бүлік өлімнен де жаман»2, – деп айтады. Бір елде бүлік шықса, оның салдары кісі өлтіргеннен де ауыр жағдайға алып келіп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан да қоғам арасында бейбітшілікті сақтап, арандатушылықтан аулақ болып, жауласқан елді татуластыру да мұсылман әдептеріне жатады екен. Хакім Абай айтқанындай – «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос».

Үшіншісі – Алла Тағала Құранда былай деп айтады: «Шынында, мұсылмандар бір-біріне бауыр»3. Басқа бір аятта: «Алланың жібінен бірдей ұстап, бөлінбеңдер! Алланың нығметін еске алыңдар. Сендер өзара дұшпан едіңдер, сендердің жүректеріңді жақындатып, өзара достастырды. Тозақтың құзында тұрған кездеріңде, сендерді одан құтқарды»4. Осы секілді бауырмалдықты артыруға үгіттейтін аяттар көп, маңыздысы сол аяттарға лайықты түрде иман келтіру, іс жүзінде амалға асыру. Қазақта: «Бірлік болмай, тірлік болмайды», – деген нақыл сөз бар. Бұл да болса, мұсылмандар арасында бауырмалдықты арттыруға үгіттейтін нақыл сөз.

Төртіншісі – Басқа адамдарды жаман лақаб атаулармен атамау. Яғни кісінің ата-анасы азан айтып, қойған әдемі есімдерін бұрмалап, оның орнына ұнамсыз балама атаулармен атаудың дұрыс емес екені туралы Алла Тағала бізге ескерту жасап жатыр. Пайғамбарымыз ﷺ бұл мәселеге байланысты былай дейді: Басқа мұсылмандар бір мұсылманның қолы мен тілінен еш зиян көрмейтін болса, міне сол мұсылман кісі – шынайы мұсылман!5.

Кісінің өзіне ұнайтын балама атаулармен атаудың еш оғаштығы жоқ. Мысалы қазақ дәстүріндегі келіннің қайын жұртындағы кісілерді балама атаулармен атауы: ене, ата, қайын аға, қайын бике, төре жігіт, ақ жігіт, сұлу қыз т.с.с. Бұған байланысты Пайғамбар ﷺ да өзіне жақын адамдарды еркелетіп, олардың аттарын балама аттармен атайтын еді. Мысалы Айша анамызды – «Айш» деп, Әнас сахабасын – «Унайс» деп атаған. Бірақ та ең сорақысы, кісінің өзіне ұнамайтын атаулармен атау, сол кісілерді ренжітіп, кемсіткенмен бірдей болады. Мысалы: кісілерді дене құрылысына қарай – көккөз, соқыр, тапал, талтақ, маймақ, ақсақ т.с.с. немесе әдемі атауларды өзгертіп, – Досболды – Қасбол т.б. деп ұнамсыз атаулармен атау қате болады.

Бесіншісі – Күмәнді ойлардан сақ болу. Шайтан үшін адам баласын азғыруға ең қолайлы дүние, ол – адамға күмән салу. Күмән сала беру арқылы, оны құлшылықтан тосу немесе ерлі-зайыптыларды бір-біріне күмәндана беруі арқылы олардың арасына от салып, ақыр соңында олардың айырылысуына себепші болу да шайтанның негізгі мақсаттарының бірі.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Ей иман келтіргендер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар, өйткені, кейбір күмәндар – күнә»6. Басқа бір аятта былай делінген: «Олар тек күмәнді ойларға ғана ереді, расында күмән шындықпен теңеспейді»7. Жалпылай айтқанда күмәнді ойлар адамның тура жолдан тайып, азғындап кетуіне ең алғашқы жолдарды ашып беретін дүние.

Алтыншысы – Кісілердің артына түсіп, оларды аңдып, олардан кемшілік іздемеу. Кісілерді аңду – пасық адамдардың әрекеті. Дана кісі Ибраһим ибн Атхамнан, дұға не үшін қабыл болмайды? – деп сұралған кезде, ол – оның он себебін айтып, солардың ішінде кісілердің айыбын іздеп, олардың артынан аңду деп айтқан. Пайғамбар ﷺ бұған байланысты былай деп айтқан: Кімде-кім бір мұсылман бауырының айыбын жасыратын болса, онда Алла Тағала ол кісінің айыбын қиямет күні жасырып қалады8.

Бұл хадистен түсінетініміз, адам басқа адамдардың кемшілігін жасыру арқылы сауапқа кенеліп, Аллаға да ұнамды іс істеген болады. Керісінше басқа кісілердің айыбын ашып, оның артынан аңду, оған ешқандай абырой алып келмейді. Сахаба Әли де бұған байланысты былай деп айтқан: Кісінің айыбын жұрттың көзінше айту, оны тәрбиелеу емес, керісінше оны қорлау болып саналады.

Жетіншісі – Өзге адамдарды ғайбаттамау. Бұған байланысты Алла Тағала бірнеше аят қана емес, керісінше арнаулы бір сүре түсірген. Яғни Құрандағы 104 – сүре болған, Һүмәзә сүресі толықтай ғайбат тақырыбына қатысты айтылған. Тіптен дінсіз адам да немесе басқа дін өкілдері де ғайбаттың дұрыс амал емес екеніне бір ауыздан келісері анық. Ислам шариғаты бойынша ғайбат айту, адамның етін жеумен тең күнәға есептеліп, тозақтағы арнаулы бір жеріне жіберілетіні туралы айтылады.

Сегізіншісі – Алла Тағала Құранда былай деп айтады: «Шыныда Алла Тағала әділ адамдарды жақсы көреді»9. Бұхари, Муслим риуаятымен, Айша анамыздан жеткен хадисте былай делінген: Пайғамбар ﷺ мінберге шығып былай деді: «Сендерден бұрынғы қауымның құрдымға кетуінің себебі – олардың ішінде арадақты адам күнә жасаса, оған жаза қолданбай, оны ұмытып кететін еді. Ал қарапайым кісі күнә жасаса, оның жазасы міндетті түрде берілетін еді. Алланың атымен ант етейін! егер де Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасайтын болса, мен оның қолын кесемін».

Басқа да діндерде әділдік мәселесі біршама қарастырылған. Ал исламның әділдігін жоғарыда келтірілген хадис, аяттардан-ақ ұғынуға болады. Қазақ мақалы былай дейді: Тура биде – туған жоқ, Туған биде иман жоқ. Яғни би деген бұрынғы заманның соты болып, оған мәселелер келтірілгенде, туған-туысының пайдасына қарап үкім етсе, ол бидің имансыз екені, ал туған-туысқа да жатқа да бірдей үкім еткен бидің тура би екені туралы айтылып жатыр.

Тоғызыншысы – Өзге адамды күлкі етпеу. Адам бөтен адамның ар-намысына, шамына тиетін сөздерді айтуы, ол кісіні қорлауы болып саналады. Исламда қорлауға жол жоқ. Жабирден жеткен хадисте: Пайғамбар ﷺ араб пен араб еместің, ақ пен қара нәсілдің бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ, тек тақуалық жағы басқа! – деп айтты9. Яғни бір адамның түр-түсіне, сырт келбетіне қарап, оны кемсітіп, келемеждеуге болмайды.

Міне, осылайша, Хужурот сүресіндегі әдептілікке қатысты тоғыз мәселені айтып өттік. Бұл тоғыз мәселенің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Осы тоғыз әдепке және Құранның басқа да аяттарында келген әдептілікке байланысты айтылған мәселелерге лайықты болуға Алла Тағала нәсіп еткей! Құранға иман келтірген әрбір мұсылман осы аяттарға мән берері сөзсіз!

Санат ӨСКЕНБАЕВ,

Атырау селолық мешітінің бас имамы.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Муслим, «Нахюн анил хадис бикулли ма самиға» бөлімі 5.
  2. Бақара, 191.
  3. Хужурот 10.
  4. Әли Имран 103.
  5. Бұхари 10.
  6. Хужурот 12.
  7. Нәжім 28.
  8. Бұхари, Мазолим кітабы 2442.
  9. Сахих Бұхари.