Намаз – екі дүниенің тірегі

         Намазын өз уақытында өтемей, қаза ететін немесе әлі күнге дейін намазға біржола бет бұра қоймаған бауырыма жанашырлық құлаққағыс жасағым келеді.

Дос жылатып айтады емес пе?! Шіркін-ай, сіз өте маңызды құлшылықтан марқұм қалып жүргеніңізді білсеңіз етті?! Сізге осы күнге дейін намаз ата-бабамыздың асыл діні Исламның тірегі екенін ешкім айтып түсіндірмегеніме?

Қазақтың ұлы кемеңгері Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы: «Ораза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп намазы барды жақсыға теңей отырып, «Абыралыға» деген өлеңінде:

Мен жасымнан көп көрдім.

Мұсылманды, кәпірді.

Абыралыдай көрмедім

Намаз білмес пақырды, – деп намаз оқу үлгісін білмейтін жанды түгі жоқ пақырға теңемеп пе еді.

Қияметтің күнінде Құдай тағала ең алдымен намаздан сұрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. «Қияметтің күнінде пенденің ең алғаш сұраққа тартылатыны намаз. Егер намаз дұрыс (өз уақытында өтелген) болса, онда басқа амалдары дұрыс болғаны. Ал егер намазы бұрыс (өз уақытында өтелмей қаза етсе) болса, онда басқа амалдарының да дұрыс болмағаны», – деген.

Сіздің намаз оқуыңызға не кедергі? Кезінде Жүсіп  Баласағұн:

Жараттың Сен кішісін де ірісін,

Өтер бәрі, Өзің мәңгі Тірісің.

Жаралғанға түгел танық Жаратқан,

Қос дүниені анық қолға қаратқан.

Жасыл көкті безендірдің жұлдызбен,

Қара түнді жарық еттің күндізбен,

Қанша ұшқан, жүрген, жүзген, інде өскен,

Ішіп-жемі Сенен болып күн кешкен.

Көк үсті мен жер қойнының арасы,

Мұқтаж Саған, жоқ өзгенің шарасы.

Хаққа бүтін сенсең тілді табындыр.

Көңілің сенсе ақылыңды бағындыр! – деп бізге өсиет етпеп пе еді.

Ал, Мұқағали ақын:

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды, қайда бүгін?!

Құбылаға бет бұрып, қол қусырып,

Сәждеге бас қоятын қайда күнім, – деп тілі мен дініне берілер еркіндікті армандамады ма?!. Айналайын, бауырым! Ата-бабаларымыз армандаған еркіндікке қол жеткелі де отыз жылға таяды. Енді өз ана тілімізде еркін сайрап, асыл дінімізді берік ұстануға не кедергі? Сіз Құрандағы:

«Әркім істеген ісінің орнына ұсталады. Бірақ амал дәптері оңынан берілгендер басқа. Олар жұмақтарда қылмыстылардан: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» – деп сұрасады!

Сонда олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік…» – деген Алла Тағаланың аятын оқымаппа едіңіз?! Қатты ыстықтан тастары қайнаған, шыдамай тарсылдап дыбысы шыққан тозақтың ауылы алыс емес. Олай болса, ажал келіп алқымнан алмай тұрғанда намазға бет бұрайық!

Мынау алдамшы жалған дүние тіршілігіне алданып, сәждеге бас қойып, Жаратқанға құлшылық етуден қапы қалмайықшы.

Думан  БАЛЫҚШИЕВ,

«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің ұстазы