Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ресей Федерациясы Омбы және Омбы облысы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бота Бакулинмен кездесті.
Кездесуде Бота қажы Бакулин елордада «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға шақырту жіберген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына ризашылық ниетін жеткізді.
«Атамекенде өткен үлкен халықаралық жиынға қатысуымыз – сіздердің Омбы жеріндегі барша қандас бауырлар мен мұсылман жамағатын қолдауыңыз деп қабылдаймыз. Шақыртуыңызға үлкен рақметімді жеткіземін» деді мәртебелі мейман.
Басқосу барысында Омбы облысындағы қазақ имамдарын қызметтік шапанмен қамтамасыз ету, шеттегі қандастарға Діни басқарманың төл басылымдары – «Мұнара» газеті мен «Иман» журналын, сонымен қатар діни кітаптарды жеткізу мәселесі талқыланды. Наурызбай қажы Тағанұлы бұл бағытта Діни басқарма тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Сіздің халықаралық басқосуда тебіреніспен айтқан сөздеріңіз қымбат қазынамыз – тәуелсіздіктің қадірін бағалай білуге жетеледі. Алла Тағала тәуелсіздігімізді баянды етсін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.