Атырауда әйелдер жамағаты арасында волейболдан турнир өтті (+ ФОТО)

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Атырауда әйел жамағаты арасында волейболдан турнир өтті.

Спорттық шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды.

«Қозғалыс – бұл өмір» атты спорттық турнирдің ашылуына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, денсаулық – Алланың адамға берген аманаты екендігін атап өтті.

«Қазақта «Жаны саудың – тәні сау» деген керемет сөз бар. Денсаулық – бұл үлкен нығмет. Адам сергек жүрсе, оның рухани қуаты да мол болады. Оның үстіне, мұндай шаралар жамағат арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Тартысты бәсекеге әрқайсының құрамы 6 адамнан тұратын 4 команда қатысты.

Турнир қорытындысымен бірінші орын
«Хикмет» командасына бұйырды.

«Дін бауырлар» және «Ән Ниса» командалары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.

Жеңімпаз командаларға кубоктар, медальдар және 30 мың, 20 мың, 15 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификаттар табыс етілді.

Сонымен бірге, барлық қатысушыларға ұстаз Алтынбек Ұтысханұлының «Күнделікті діни сауалдарға жауап» кітабы сыйға тартылды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.