Отбасының мемлекетті құраушы фактор екені белгілі. Кемеңгер бабаларымыз «Отан отбасынан басталады» дейді.
Халқымыз «ақ неке», «адал неке», «адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтап келеді. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан қоғамда отбасын құру, оны сақтау мәселесі өзектілігін ешқашан жоймақ емес.
Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр.
Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс. Құранда «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді . Мұхаммед пайғамбар да «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.
Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны ертеден белгіленіп, діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілгендіктен олардың отбасы баянды бола алды.
Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз шарттары бар. Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Екіншіден, екі куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адам. Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір).
Некесіз екі жастың қосылуына ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Қазіргі кейбір жастардың жақын қатынасқа некесіз барып, некелесуге немқұрайлылық танытуы алаңдатарлық жағдай болып отыр. Олардың мұндай әрекетке баруына «азаматтық неке» мәселесі де мұрындық болып жүр. Мұндай неке мемлекеттік органның да тіркеуінен өтпейді, діннің талаптарына да бағынбайды. Бастауын батыстан алатын азаматтық некеде ешқандай жауапкершілік болмайды. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді.
Дәм-тұзы жарасып жатса ғана үйленудің қамына кіріседі, ал бір-бірінің ойынан шықпай жатса бір-біріне сай емес екендіктерін айтып, оп-оңай түрде айырылысып кете салудан тартынбайды. Қазір осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегіп жатыр. Оның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық әрекеттер артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қояды.
Хадисте «Үш нәрсемен қалжыңдап ойнауға болмайды: неке, талақ және ант» деген. Исламда рұқсат берілгенмен неке бұзу құптарлық іс емес. Қандай жағдай болса да отбасын сақтауға екі тарап та күш салуы тиіс. Әрбір адамның бойында кемшілігі бар, оны кешіре білу де дініміздің бір ұстанымы. Осыған қатысты хадисте «Мұсылман ер мұсылман әйеліне кек сақтамасын. Оның бір мінезін ұнатпаса, басқа бір мінезін ұнатады» дейді пайғамбарымыз. Әйелмен жақсы-қарым қатынас жасаудың көркем мінез екенін де пайғамбарымыз нақты көрсетіп берді: «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – әйелімен жақсы қарым-қатынас жасағандарың».
Мұхаммед пайғамбар әйел қауымына жақсы қарауды қоштасу құтпасында ерекше тапсырып, дүниеден өтер алдында да өсиеттеп кеткен. Ал, әйел адамға қатысты «Ерін разы қылып бұл дүниеден өткен әйел жәннаттық» дейді.
Еліміздің заңнамаларына сәйкес отау тігетін екі жас азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркелуі тиіс. Бұл қандай да бір қиын жағдай туған жағдайда азаматтардың құқықтарының қорғалуы үшін өте маңызды. Қазір еліміздегі мешіттерде неке қияр алдында АХАЖ органдарының неке куәлігі талап етілетіндігі де ең алдымен болашақ отбасының бүтіндігін қамдағандықтан туындап отыр. Осындай ресми некеден соң діни неке қиылады.
Отбасында мейірімділікке, адалдық пен жауапкершілікке сусындап өскен бала да үйде алған тәрбие өнегесіне байланысты болашақта түтіні түзу, босағасы берік, болашағы нұрлы жанұя құруға жауапты міндет деп қарайды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп көреген халық сол үшін айтқан болар. Бұл туралы Елбасының: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі отбасы құндылығын ерекше айқындайды.
Қорыта айтқанда, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.
Ержан ИМАНҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданының бас имамы