Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде жаңа оқу жылына дайындық барысы жан-жақты пысықталды.
Проректор, доцент Қайрат Құрманабев университеттің департамент, бөлім басшылары мен кафедра меңгерушілері алдында пандемия жағдайындағы екінші оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталды. Студенттердің онлайн, офлайн оқу жүйесіне қатысты реттілігі, дәрістер ерекшелігі, екпе барысы мен «Ашық» қосымшасы арқылы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Санитарлық талаптар ғана емес, студенттердің салауатты өмір салтын ұстануы да өзекті екенін алға тартқан проректор, доцент Қайрат Құрманбаев:
«Бұл кімге болса да күйзелісті күшейтетін стрессті жағдай. Ал психологиялық әлсіздіктің өзі ауруға жол ашатыны рас. Сондықтан студенттерге қолдаумен қатар, салауатты өмір салтын ұстануы, асханадағы ас мәзіріне ерекше мән беріп, сапалы тамақтанудың да маңыздылығын түсіндіруіміз қажет. Себебі адамның иммунитетін көтеру арқылы көп індетке қарсы тұруға болатыны белгілі. Індетке қарсы күрес кешенді түрде жүзеге асыруға мән беру қажет» деді.
Сондай-ақ ұжымды жаңадан қызметке кіріскен проректор кеңесшісі Ерлан Надиршин мен Тәрбие және әлеуметтік даму департаментінің басшысы Мақсат Байзақпен таныстырып, оларға сәттілік тіледі.
Университеттің даму жұмыстары жан-жақты талқыланған мәжілісте Сапа менеджмент жүйесі бөлімінің меңгерушісі қаум.профессор Шамшат Әділбаева: «Кафедралар, куратор-эдвайзерлер жұмысын күшейту, кітапхана, оқу залының технологиялық мүмкіндіктерін дамытып, шаруашылылық бөлімі, яғни университеттің барлық саласына қатысты жеке-жеке ұсыныстар бар. Қазіргі оқу онлайн жүйесі біршама қосымша міндеттемелер мен қажеттіліктер туындатып отыр» деп университеттің білім сапасын арттыру мен менеджментке қатысты түйткілдерге тоқталды.
Биыл Нұр-Мүбарак университетіне исламтану, дінтану, теология және шетел тілі: екі шетел тілі мамандықтары бойынша бакалавриат бағдарламасымен 700-дей талапкер құжат тапсырған болатын. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінген 200 білім грантының 180-ін университет талапкерлері жеңіп алды.
Исламтану, дінтану саласы бойынша магистратура бағдарламасына тапсырған 100-ге жуық үміткердің жоғары бал иелері 51 мемлекеттік білім грантын еншіледі. Сондай-ақ биыл докторантураға 15 үміткер құжат тапсырды.