Нығметке жетудің құпиясы: жоқтан емес, бардан бас тарту

Адам баласы әр дәуірде бақыт пен шынайы нығметті іздеді. Бірақ ол ізденіс көп жағдайда көзге көрінетін дүниелік жетістіктермен шектеліп қалады. Үй, көлік, мансап, билік – бұлардың бәрі адамның жүрегін уақытша қанағаттандырғанымен, ұзаққа созылатын шынайы нығметке жеткізе бермейді. Осыны ғасырлар бұрын Ислам өркениетінің ұлы ойшылы, ғұлама-ғалым Әбу Хамид әл-Ғазали терең түсіндірген болатын.

Ғазали ілімінде адам шынайы нығметке – жүрек тыныштығы мен ақыреттік бақытқа, тек нәпсінің артық тілектерінен бас тарту арқылы жететінін айтады. «Бұл дүниедегі нығметтер – сынақ. Одан шынайы пайда табу үшін жүректі соған байлап қоюдан арылу қажет» деген ойы бар. Яғни, уақытша нәрседен бас тартпайынша мәңгілік нығметке қол жеткізу қиын.

Қазіргі қоғамдағы көрінісі

Бүгінгі таңда бізді қоршаған ортаны қарасақ, адамдардың көпшілігі молшылықты «жақсы өмірдің» кепілі санайды. Әлеуметтік желілердегі сән-салтанат, қымбат брендтерді қуалау, шектен тыс тұтынушылық – адамның көзін қызықтырып, жүрегін тәуелді етеді. Бірақ сол бір сәттік ләззат өткен соң, ішкі жан дүниеде бос кеңістік қалып қояды.

Мәселен, жас буын арасында смартфонға тәуелділік, бір күнін интернетсіз елестете алмау – қазіргі заманның ең үлкен сынақтарының бірі. Ғазали заманында мұндай технология болмағанымен, ол адам нәпсісін құмарлық пен артық қызықтардан тыймайынша, жүрек тазалығына жете алмайтынын ескерткен. Бұл ескерту – бүгінгі қоғамға да дәл тиесілі.

Нәпсіден бас тарту – шынайы еркіндік

Ғазали үшін нәпсіден бас тарту – өмірдің рахатынан түгелдей қашу емес. Керісінше, артық, пайдасыз, жүректі әлсірететін ләззаттардан арылу. Адам өзіне қажеттісін пайдаланып, артық дүниеден бас тартқанда ғана рухани биікке көтеріледі.

Қарапайым мысал:
• Ысырапшылдыққа берілмей, шүкіршілік ету – нығметтің қадірін арттырады.
• Жалған ақпарат пен өсек-аяңнан бойды аулақ ұстау – ойды тазартады.
• Уақытты пайдасыз ойын-сауыққа емес, пайдалы ілімге жұмсау – жүрек пен ақылды нұрландырады.

Әл-Ғазали айтқан даналық – әр дәуірде мәнін жоғалтпайтын шындық. Нығметке жетудің жолы – нәпсінің артық қалауларынан бас тарту. Өйткені дүние нығметтері өткінші, ал рухани нығмет – мәңгілік.

Бүгінгі қоғамда да адам өзін-өзі тәрбиелеп, жүрегін қажетсіз құмарлықтардан тазартса, нағыз бақытқа қол жеткізеді. Шынайы нығмет – сыртқы сәнде емес, жүректегі тыныштық пен Аллаға жақындықта.

Нұркен Мағриденұлы