Бүгін өңір имамдарына арналған «Діни мақала жазуда жасанды интеллектті қолданудың пайдасы мен зияны» тақырыбында семинар өтті. Шараны «Иман» журналының жауапты хатшысы, журналист Ермұрат Назарұлы жүргізді.
Семинардың ашылуында облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз алып, дін қызметкерлерінің ақпараттық заманнан қалыс қалмауы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда діни контентті сапалы дайындауда заманауи технологияларды дұрыс қолдану — уақыт талабы.
Одан кейін сөз алған Ермұрат Назарұлы имамдарға жасанды интеллект құралдарын қолдану мәдениеті, мәтін сапасын арттыру жолдары және діни тақырыптағы материал жазуда жіберілетін қателіктер жөнінде кеңінен баяндады.
Ол өз сөзінде:
«Жасанды интеллект — жазу үдерісін жеңілдететін пайдалы құрал. Бірақ діни тақырыпта адамдық жауапкершілік бірінші орында тұрады. Имам өз мақаласына толық жауапты. Сондықтан AI берген ақпаратты сүзгіден өткізу, сенімділігін тексеру және мазмұнды шариғатқа сай келетін деңгейде түзеу өте маңызды,» — деп атап өтті.
Семинар барысында AI-дың тиімді тұстары, оның ішінде идея қалыптастыру, құрылымды жоспарлау, мәтінді редакциялау мүмкіндіктері көрсетілсе, сондай-ақ жалған ақпарат беруі, сенімсіз дереккөздерге сүйенуі және діни терминдерді дұрыс түсінбеуі сияқты мәселелер де түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушыларға тәжірибелік ұсыныстар беріліп, имамдардың сұрақтарына жауап берілді.













