Орта Азияда сопылық туралы сөз болғанда ең алдымен еске түсетіндері – Йасауийа, Нақшбандийа және Күбрәуийа тариқаттары. Бұлардан өзге де Орта Азияда кең таралмаған, бірақ белгілі бір ықпалы бар сопылық мектептер немесе жекелеген сопылар болған. Бұл сопылар жазған еңбектерімен де, жүргізген сопылық сұхбаттарымен де Исламның таралуына қызмет етіп, сопылық ахлақ ұстанымдарының қоғамда орнығуына үлес қосты. Сондай-ақ, кейбір сопылар жазған өлеңдері мен шығармалары арқылы Орта Азиядағы түркі әдебиетінің дамуына да ықпал етті. Нәтижеде сопылық ғасырлар бойы Орта Азиядағы ислам мәдениетінің маңызды бөлшегі болып қала берді.
Орта Азиядағы алғашқы сопылар
Орта Азияда Ислам дінінің тарай бастауымен бірге, һижраның II (миләди VIII) ғасырынан бастап бұл өңірде захидтер мен сопылар да көріне бастады. Бүгінгі Түрікменстан аумағында орналасқан Мерв қаласында дүниеге келген Абдулла ибн Мүбәрәк (ө. 181/797) хадис ғалымы, захид және сопы еді. Оның Мерв қаласында екі текке (рибат) ашып, сол жерде халықты рухани тәрбиелегені айтылады.
Қазіргі Өзбекстан аумағындағы Нахшаб (қазіргі Қарши) мен Термез қалалары да көптеген ғалымдар мен сопылар шыққан аймақтар еді. Олардың арасында «Сопыны ешнәрсе былғамайды, қайта әрбір нәрсе сопымен бірге саф әрі таза күйге келеді» деген сөзімен белгілі Әбу Тұраб Нахшаби (ө. 245/859), уилаят (әулиелік) мәселесіне қатысты ой-пікірлерімен танылған және көптеген араб тілінде сопылық еңбектер жазған Хәким Тирмизи (ө. 320/932) ең әйгілі сопылар ретінде аталады. Хәким Тирмизидің қабірі Термез қаласында әлі күнге дейін маңызды зиярат орны болып саналады.
Бұхара мен Самарқанд та дін ғалымдары мен сопылары арқылы Орта Азияның ең маңызды мәдени орталықтары болды. Бұхарадағы Кәләбаз махалласында өмір сүрген Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Исхақ Кәләбазидің (ө. 380/990) «ат-Та‘арруф ли мәзһаби әһли’т-тасаввуф» атты арабша еңбегінде сопылықтың ілімдері жинақталған. Сонымен қатар ол «Бахру әл-фәуәид» атты еңбегінде кейбір хадистерге сопылық түсіндірмелер берген.
Текке тәртібін қалыптастырған әрі зікір мәжілістерінде оқыған ғашықтық жырларымен аты шыққан Әбу Саид Әбул-Хайр (ө. 440/1049) бүгінгі Түрікменстандағы Мейхане қаласында өмір сүріп, сонда қайтыс болды. Түрікмен халқы арасында ол «Меане Баба» деген лақап атпен белгілі. Оның өмірі, кереметтері мен нақыл сөздері Мұхаммед ибн Әбу Раух Лүтфуллаһтың (ө. 541/1147) «Халат у Суханан-и Шейх Әбу Саид» және Мұхаммед ибн Мүнәууардың «Әсрар-ут-тәуһид фи мақамат-иш-Шейх Әбу Саид» атты парсыша еңбектері арқылы бүгінге жеткен. Мәулана Жәлаладдин Румиге телініп жүрген «Келе бер, келе бер, кім болсаң да кел» деп басталатын әйгілі рубаилардың түпнұсқасы шын мәнінде Мәуланадан екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Әбу Саид Әбул-Хайрдың өлеңдері арасында кездеседі.
Тегі Хамадандық болып, кейін Мервте текке ашқан Жүсіп (Йусуф) Хамадани (ө. 535/1140) Орта Азияның сопылық тарихында ерекше орын алады. Оның екі атақты шәкірті – Қожа Ахмет Ясауи мен Абдулхалық Гуждуани кейіннен Орта Азиядағы ең кең тараған Йасауийа мен Хожаган (Нақшбандийа) тариқаттарының негізін қалаушылар болды. Жүсіп Хамаданидің жазған кейбір сопылық еңбектері бүгінге дейін жетті, олардың ең атақтысы – парсы тілінде жазылған «Рутбату әл-хайат» кітабы.