ОРТАҚШЫЛ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Бүгін, қасиетті жұма күні Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Ортақшыл ауылында жаңа мешіт ашылды. Ашылу салтанатына Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы және ауыл ақсақалдары, тұрғындар қатысты. Қасиетті құран аяттары оқылып, игі шарада сөз алған өңірдің бас имамы жүрекжарды лебізін білдірді.

“Бүгін біз Алланың бір нығметінің куәсі болып тұрмыз. Бұл мешіт – тек намаз оқитын орын ғана емес, бұл – ауылдың рухани тірегі, бірлік пен берекенің ошағы болмақ. Осы мешіттен Құран үйрететін шәкірттер, ата-анасына құрметпен қарайтын жастар, еліне қызмет ететін азаматтар өсіп шықсын деп тілеймін”, – деді бас имам.

Өз кезегінде аудан басшысы ауыл тұрғындарын рухани орталықтың ашылуымен құттықтап, игі істердің бастамасы екенін жеткізді.

Мешіт құрылысына үлес қосқан жомарт жандарға бас имам алғыс хаттар табыстап, ақсақалдарға шапан жапты.

Ортақшыл мешітінің сыйымдылығы 100 адамға арналған. Намаз оқу залы, имам бөлмесі,ерлер және әйелдер тахаратханасы және имам үйі салынған.

Жаңа мешітке имам болып Бекзат Бекқабылұлы тағайындалды.