Қасиетті Қадір түні қарсаңында Атырау облыстық Иманғали орталық мешіті жамағатқа толды. Берекелі кеште Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жиналған жамағатқа уағыз айтып, бұл түннің қадір-қасиеті мен артықшылығына тоқталды.
Бас имам өз насихатында Құран Кәрімде айтылғандай, Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екенін атап өтіп, бұл түнді құлшылықпен өткізіп, дұға-тілек жасап, Алладан кешірім сұраудың маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ жамағатты бірлікке, сабыр мен шүкіршілікке шақырып, қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігін сауапты амалдармен өткізуге үндеді.
Кеш барысында жамағатпен бірге тарауих намазы оқылып, қасиетті Құранның хатым дұғасы жасалды. Жиналған көпшілік Алладан ел амандығын, жұрт тыныштығын тілеп, дұға жасады.




















