Қазақ даласына ислам сегізінші ғасырда келді. Тарихқа қарап отырсақ, әр ғасырдың өзінің ғалымы, сәйкесінше мектебі болған.
Белгілі дінтанушы ғалым Батыржан Мансұровтың айтуынша, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті кезең-кезеңге бөліп қарастыруға болады.
«Әр кезеңде өзінің атын қалдырған ахундар, ишандар, хазіреттер өмірден өтті. Ғажабы сол, өмір сүру кезеңдерінде алшақтық болса да, ұлы даламызда ізін қалдырған ғалымдарымыздың наным-сенімінде, діни ұстанымында, ақидасында қарама-қайшылық болған жоқ. Өйткені, барлығының тәлім алған мектебі бір еді. Мәселен, еліміздің Батыс аймақтарының дін өкілдері Уфа мектебінде оқыса, Оңтүстік аймақтардан шыққан ғалымдар Бұхара мектебінде білім алды. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин бабамызға дейінгі кезеңді бөліп алсақ, ХІ ғасырда Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани өмірден өтті. Осы кезеңдерде мұсылмандық дүниелеріміз қазақ даласына шайырлар арқылы да кеңінен тараған еді» дейді ғалым.
Ұрпақтан ұрпаққа ауызекі тілде мұра болып жеткен шайырлардың өлеңдерінде Аллаға иман келтіру, Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айту, ақыретке сенім мәселелерінің кеңінен көрініс тапқанын саралауға болады. Міне, осынау үрдіс дінімізбен бірге имандылық, адалдық мектебінің қалыптасуына ықпал етті.
«Майлықожа шығармашылығында да, Шортанбай еңбектерінде де осы мәселе кеңінен көрінеді. Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылман тұтқасы» еңбегі де сол кезеңдегі біздің даламызда исламның кеңінен орнағанын көрсетеді» деп нақтылады ғалым Батыржан Мансұров.
Баян Жанұзақова
(Мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен дайындалды)