Қазақ топырағына ислам дінін алғаш алып келген қолбасшы

Аса рақымды, патшалардың патшасы, күллі әлемнің жаратушысы болған жалғыз Аллаға билігіне сай мақтау, мадақтар болғай!

Сүйікті елшісі Мұхаммед Мұстафаға оның сәлемі және артынан ерген барша мұсылман қауымға Алланың игілігі болсын!

Қазақ халқының өмір-салты мен тыныс-тіршілігі біте-қайнасып кеткен ислам дінінің тарихы тереңде жатыр. Ислам дініне дейін де қазақ халқы түрлі сенімдерді ұстанып, тек ислам діні келгеннен кейін ғана тұтас халық болып осы дінге бет бұрған еді.

Ал исламға дейін қазақ халқы тұтастай бір сенімде болмай, кейбір тайпалар христиан, кейбірі шамандық, кейбірі т.б сенімдерді ұстанды. Міне дәл осы ислам діні келгеннен кейін ғана қазақ халқы тұтастай бір сенімде болып, осы сенімді негізге алып дәстүріміздің көп бөлігі қалыптасты.

Қазақ халқына алғаш ислам дінін таныстырған немесе дінді алып келген кім? және оның тарихы қандай болды? Осы сұрақтардың жауабын табу арқылы біздің тақырыбымыз ашылады.

Пайғамбарымыз өзінің хадистерінде былай деп айтқан: «Хабашия елін сендерге қалай қалдырған болса, солай қалдырыңдар, Түркілер сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер» (Тобарони, Муғжам кабир 10389). Осы хадиске сүйеніп Пайғамбар көзі тірісінде және ардақты төрт халифа кезеңінде де түркілер аумағына ислам әскері кіріп келмеген еді.

Бірақ та Омардың тұсында-ақ ислам әскері Парсы елін толықтай бағындырған болатын. Ал Парсы елі болса, Түркілермен көрші жатқан ел. Егер де ислам әскері түркілер аумағына келер болса, Омардың тұсында да келуіне болатын еді. Бірақ та олар Пайғамбар хадисіне сүйеніп, түркі халықтары оларға соқтықпайынша, олар түркілерге тиіспеді. Мәселенің бір ұшы ашылды. Екінші жағдайды түсіндірер болсақ, түркілер ислам әскеріне соқтығуынан кейін ислам әскері түркілерге қарсы соғыс ашты. Демек соқтығудың себебі неде болды?

Түркі халқының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы және жалдамалы әскер болу арқылы жүзеге асатын еді. Яғни кейбір халықтар соғыс кезінде жеңіліс табатын не әлсіз болған жағдайда түркілерден көмек сұрап, соғысқа қатысқан әскерлерге ақы төлейтін еді. Міне осы екі жол арқылы түркі халқы күн көріп келді. Бір жылдары түркі елінде қатты қуаңшылық болып, малдар қырылып қалып, жығылғанның үстіне жұдырық болып, ешқандай соғысқа қатыспай, күнкөрістен ақсап қалған түркі халықтары амалсыздан көрші қалықтарға шабуыл жасап, сол елді тонап, сол арқылы өз қоректерін табатын болған.

Міне дәл осы жағдай сыныққа сылтау болып, өздеріне көрші жатқан елдерді шапқан түркілер, сол көрші елдердің ислам иелігінде екеніне мән бермей, өз-өздеріне қарсы қуатты дұшпан тілеп алды. Пайғамбар хадисіне сүйенген ислам елінің басшылары, түркілер өздері бірінші болып бізге соқтыққаннан кейін, біздің оларға қарсы соғысуға енді хақымыз бар деп, соғыс ашуға мәжбүр болады.

Түркілер елін ислам елі «Мәә уароа нахр» (теңіздің арғы бетіндегілер) деп атайтын еді. Өйткені түркілер мен Парсы елдерінің шекарасы Әмудария теңізі арқылы бөлініп, теңіздің мына беті түркілер аймағы деп аталды. Осылайша, ислам әскері түркілерге қарсы соғысқа аттанды.

Соғыс ережелеріне сай ислам әскерінің қолбасшысы болып сайланған Қутайба ибн Муслим барлық соғыстарында жеңіске жететін аса дарынды қолбасшы болған. Атақты қолбасшы Хажжаж ибн Юсуфтың кезінде әскери басшылыққа келіп, сол басшының демеуімен көптеген елдерді ислам елінің қоластына кіруіне себеп болған кісі.

Атап айтқанда һижри 86-96 жылдар аралығында Орталық, оңтүстік, шығыс Азияның бір бөлігіне дейін қол жеткізген ислам әскерінің қолбасшысы болған Қутайбаның басшылығымен Ауғаныстан, Пәкістан, Парсы елдері, Орта Азия және Қытайдың Қашғар еліне дейін жеткен ислам әскері осыншама алып күш пен кең аймақты аса дарынды қолбасшының себебімен иеленді.

96 жылы ислам елінің басшылыры ауысуының себебімен Сулеймен ибн Абдулмаликтің басшылыққа келуінен кейін, Қутайба бұл басшымен келісе алмай, ақыр соңында патша оны қастандықпен Ферғана елінде өлтірді. Қутайбаның түркі халықтарымен болған соғыстарына жеке-жеке тоқталса, бұл өте ұзақ әңгіме болары сөзсіз. Ең басты мақсат, ата-бабалармызға ислам дінін алғаш жеткізген кісілермен танысу біз үшін аса маңызды!     

Ахад ҚҰРАЛОВ,

Атырау селолық мешітінің ұстазы