Тәуелсіздік – үлкен нығмет

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Өткенімізге көз салсақ, сүрлеуі мол соқпақтар мен ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден өттік. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте ана тілімізбен, ата дінімізбен қайта қауышып, салт-дәстүріміз жаңғырды. Аллаға шүкір, қазіргі күні тәуелсіз елде, әр таңымызды амандықпен, ешқандай қауіп-қатерсіз аттырып жатырмыз. Әрбіріміз осы нығметтің қадірін түсініп, шынайы бағалай білуіміз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресі, 112-аятында:  

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَة كَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмады (яғни, тұрақтылық пен ризық нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды», – деп айтқан.

Жоғарыдағы аятта айтылғандай, Алла Тағала Мекке халқына және басқаларға керемет мысалдарды баян етеді. Олар ғажайып мамыражай, тату, берекелі кезеңді бастарынан кешіріп жатқан еді. Алланың нығметтері оларға күтпеген жерден еселеніп келетін. Осындай нығметтердің иесі Алла Тағалаға шүкіршілік етпеді. Сол себепті Алла олардың жүректеріне қорқыныш ұялатып, тыныштық нығметін алып қойды. Ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا

«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», – деген (имам Бұхари, Тирмизи).

Бүгінгі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылып отырған заманға бір қараған адам тәуелсіздіктің «Тәңір берген тәтті сый» екенін ұғынары рас.

Асыл дініміз Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғауды міндеттейді. Олар: Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді. Ендеше, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған әр адам бұл ұлы нығметті бағалап, халқымыздың бірлігі мен тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды да ғұмырлы болуы үшін мынадай амалдарды атқаруға мән беруі тиіс:

Бірінші: Туған елін жақсы көру

Әрбір адамның туған жері, өскен өлкесі бар. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деп айтылғандай, адам баласын отансыз, туған жерсіз елестету қиын. Адамның дүниеге келіп, топырағына аунап өскен жерін «Отан» деп атайтын болсақ, отанға, туған елге, оның топырағына деген сүйіспеншілік – әрбір жан үшін аса киелі ұғым саналмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туып өскен өлкесін қатты жақсы көретін еді. Алла Елшісі бір күні сахабаларымен Ұхыд тауының қасынан өтіп бара жатып:

هَذَا أُحُدٌ وَهُوَ جَبَلٌ يُحِبُّنَا وَ نُحِبُّهُ

«Мынау тұрған Ұхыд тауы. Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – дейді. Осылайша Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге туған жерді, оның әрбір тауы мен тасын, өзені мен суын жақсы көріп, бағалауға үйреткен.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын, туған елін сыйлап, қастерлей алады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке мүшріктерінің қысымынан соң Жаратқанның пәрменімен Мәдинаға қоныс аударып бара жатқанда, хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) екеуі алдымен үңгірге жасырынады. Сосын үңгірден түнде жолсыз даламен Мәдинаға бағыт алады. Кейін керуен жолына түсіп, Меккеге апаратын жолды көреді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол жолға қарап, Меккемен қимай қоштасады. Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге қарап тұрып:

مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ

«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де қауымың қуып шығармағанда сенен басқа жерде әсте тұрақтамас едім», – дейді (имам Тирмизи).  

Мәдина қаласына қоныс аударып барған кезде де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّينَا مَكَّةَ أَو أَشَدّ

«Уа, Алла! Біздерге Мекке қаласын сүйікті еткеніңдей, Мәдинаны да біздерге сүйікті ет. Тіпті одан да қатты жақсы көруімізді нәсіп ет!» – деп дұға етеді. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл дұғасы қабыл болып, көп ұзамай Мәдина қаласы ардақты Пайғамбарымыз бен сахабалар үшін сүйікті қалаға айналады.

Сахаба Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі Мәдина қаласына таяп қалғанын (сезімдерімен) аңғартатын. Сапарда келе жатқанда оның тауы мен жотасы көзге көрінсе қуанып, ат көлігін тездете бастайтын еді», – дейді.

Адамзаттың асылы Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жерін, өзі өскен елін осылайша қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп дұға тілеген. Бұл оқиғалар әрбір мұсылман үмбеті үшін үлкен өнеге. Сондықтан адам баласының туған жеріне, Отанына деген шынайы махаббаты болуы тиіс.

Екінші: Туған елінің қадір-қасиетін түсіну және оны бағалау

Халық нақылында «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» делінген. Туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру – әрбір азаматтың міндеті. Қасиетті Құранда «Бәләд» деп аталатын сүре бар. Оның мағынасы ел, жер, қала деген атауларды білдіреді. Алла Тағала осы сүреде:

لَا أُقْسِمُ بِهَذَا الْبَلَدِ  وَأَنْتَ حِلٌّ بِهَذَا الْبَلَدِ  وَوَالِدٍ وَمَا وَلَدَ

«Өзіңнің (тарихи болмысыңа) лайықты өмір кешіп жатқан осы (Мекке) шаһарымен және ата-анамен, олардың ұрпақтарымен де ант етемін», – деп айтқан.

Құдіреті күшті Алла бұл аятта Өзінің ерекше шарапатына бөленген, мұсылман үмметінің құбыласы болған Мекке қаласымен ант етуде. Мейірімділіктің отаны болған қасиетті қаланы Алла Тағала берекелі етті. Оның қасиеттілігі аспан мен жер жаратылғаннан бастау алған. Сол қасиетінің ұлы нышаны – тыныштық ордасына айналуы. Ғалымдарымыз жоғарыдағы аятқа қатысты тәпсірде: «Алла Тағала адам және оның ұрпағымен ант етуде. Аяттағы «Уалид» (وَالِدٍ) сөзі – Адам пайғамбар, ал «уәләд» (وَلَد) сөзі – одан тараған барша адамзат екені айтылады. Сондықтан барша адамзат өз жеріне, өзінің туып өскен өлкесіне қадірлі болуы керек және оның жерінің де қадірін түсінуі керек.

Үшінші: Бүліктен сақтану

Ел тәуелсіздігінің қадірін түсінген жан қоғамның бірлік пен берекеде болуын қалап, тыныштықты бұзатын, ел-арасында бүлік тудыратын істерден барынша сақтанады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 191-аятында:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер», – деп айтқан. 

Бүлік ешбір елге, ешбір қоғамға жақсылық алып келмейді. Қайта қоғамды арандатып, елдің дамуын төмен кетіріп, бар нығметтен айырылуға жол ашады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ يُرَدِّدُهَا ثَلاثَ مَرَّاتٍ وَلَمَنِ ابْتُلِىَ فَصَبَرَ

«Ақиқатында, бүліктерден  бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден  бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден  бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші!», – деп үш қайтара айтып: «кім сынаққа душар болса, сабыр етсін» – деген. 

Асыл дініміз әркез біздерді үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 2-аятында: 

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ ۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۖ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ 

 «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты», – деп айтқан.

Төртінші: Туған елі үшін әрдайым дұға ету

Адамның туған еліне, өскен ортасына деген құрметі, оның істеп жатқан жақсылығынан, тілегі мен дұғасынан білінеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 126-шы аятында Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың өзінің туып-өскен жері үшін былай деп дұға еткендігі баяндалған:

رَبِّ اجْعَلْ هَذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآَخِرِ

 «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден ризық бергейсің!». 

Бұрынғы ата-бабаларымыз әркез: «Ел аман, жұрт тыныш болсын!», – деп бата беріп, дұға етіп жүретін болған. Өйткені бұл Алла Елшісінің біздерге көрсеткен үлгі-өнегесі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің дұғасында: «Уа, Алла! Біздердің құрмамызға береке бер, Мәдинамызға береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға жасады. Ибраһимнің Меккеге дұға еткені сияқты һәм сондай (береке тілеп) мен де Мәдина үшін дұға етемін!» − деген (имам Мүслим).

Алла Тағаланың берген нығметіне ризалық танытып, шүкірлік ету ол нығметтің одан әрі артуына себепші болады. Хазреті Әли (Алла оған разы болсын): «Нығметтің басы жеткен сәтте – аз ғана жасаған шүкіршіліктің кесірінен оның келесі бөлігін өзіңнен қашырып алма!» – деп ескерткен екен. Осыны ескеріп, біз де осы бір үлкен нығметке шүкірлік етіп, Алла Тағалаға мадақ-мақтаулар айтып, дұға етіп жүруді ұмытпайық!

Бесінші: Туған еліне қызмет ету

Отанға қызмет – ерге міндет. «Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді уәде беру емес. Біздің отанымызға деген сүйіспеншілігіміз ел игілігі үшін жасаған жақсылығымызбен, қоғамға пайдалы болуымызбен өлшенбек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы өзгелерге пайдалы болғаны», – деген.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

…Егер отан сыңсыған бұлақ болса,

Жапырақ боп жармасқын терегіне,

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.

Семсері бол, Отанның қынабында

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған,

Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,

Шуақ болып, шашылмай жылына ма? – деп, Отанға деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеуге шақырған.

Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарауға,  көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, тілі, діні, салт-дәстүрі, мемлекеттік рәміздері секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделеді. Сол сияқты отанына зиян тигізуден, қиянат жасаудан, тіпті өсіп тұрған талдың өзін себепсіз сындырудан аулақ болуға тиіс.

Қадірменді жамағат!

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы, Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − деген (имам Бұхари).

Ата-бабаларымыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүретін болған. Елін, жерін сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскейді екен. Сондықтан туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру.

Ендеше, біз де тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, өз Отанымызды жақсы көріп, елімізге пайдалы болуға тырысайық!

ЖҰМА УАҒЫЗЫНА ҚОСЫМША

(Зайырлылық туралы)

Құрметті жамағат!

Дініміз Ислам әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптайды.  «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардан ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясаты араластырмайтынын білдіреді. Зайырлылық – дінсіздік дегенді білдірмейді, зайырлылық – азаматтардың қай дінді ұстанамын десе өзіндік құқы бар екендігін білдіретін ұғым.

Бұл ұғым дін Исламға қайшы келмейді. Қасиетті Құранда да «Дінде зорлық жоқ» екендігі анық айтылған. Сондықтан да дініміз адамдардың сеніміне, дініне, дәстүріне құрмет көрсетуге шақырады. Тіпті яһуди мен христиан діндеріне де кітап түсірілгендігі ескеріліп, қасиетті Құранда олар «Кітап иелері» деп аталып, мұсылмандардың олармен қарым-қатынас әдебін айқындайтын аяттар баяндалған. Сол сияқты «Әли Имран» сүресі, 84-аятында:

قُلْ آمَنَّا بِاللَّهِ وَمَا أُنزِلَ عَلَيْنَا وَمَا أُنزِلَ عَلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأَسْبَاطِ وَمَا أُوتِيَ مُوسَى وَعِيسَى وَالنَّبِيُّونَ مِن رَّبِّهِمْ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّنْهُمْ وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ

«Біз Аллаға, өзімізге түсірілген Құранға, Ыбырайым, Ысмайыл, Ысқақ, Яғқұптарға және ұрпақтарына түсірілгенге және Мұса, Исаларға, сондай-ақ Пайғамбарларға Раббыларынан түсірілгенге де иман келтірдік. Ешбіреуінің араларына айырмашылық жасамаймыз», – деп айтылған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) христиан, яһуди және де басқа дін өкілдерімен қажетті байланыс орнатқаны сира (тарих) кітаптарында жазылған. Хадис шәріпте: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын», – деп қатаң ескерткен.

Шариғатымыздың шешімі зайырлылық принциптеріне қайшы келмейді. Керісінше, еліміздің өркендеп және қарыштап дамуына, конфессияаралық келісімнің озық үлгісін көрсетуде ислам дінінің алатын орны ерекше. 

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі