Халықаралық «HALAL EXPO 2023» көрмесі аясында халал сертификаттау саласы бойынша Еуразиялық Одаққа мүше елдердің форумы өтті.
Форумға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚР Сауда және интеграция министрлігі ҰАО директорының орынбасары Абсамат Абжапарұлы, «Халал Даму» мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы, «Halal Quality» орталығының директоры Нуриддин Калиев және Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия елдерінің өкілдері қатысты.
Форумда көтерілген өткір мәселе – «Халал» Еуразиялық Одағының ортақ халал стандартын бекіту. Сонымен қатар, стандарт бойынша бірігіп жұмыс жасау, одақтың құрылымы мен қызметімен талқылау және алдағы жоспарларды қарастыру секілді ортаға салынды.
«Одақтас елдердің халал стандарттау және сертификаттау саласында бірегей талаптар мен ережелерді бекіту мәселелері – көршілес елдер арасындағы халал нарығын дамытудың негізгі қадамдарының бірі. Халал саласындағы мәселерді шешуде, өнім алмасуда ортақ талап-тәртіптерге негізделген халал стандартын бекіту қажет деп есептеймін», – деген Ершат Ағыбайұлы діни басқарманың ортақ шараларды бірлесе орындауға дайын екендігін жеткізді.
Алдағы уақытта бұл жиын өз кезегінде тағы да өтетін болады. Осы жиынның жалғасы ретінде ортақ стандартты бекітіп, сол бойынша бірігіп жұмыс жасау ұсынылды.